Қазақстан президентінің көңіл-айту хатын жолдағаны жөнінде Ақорда ақпарат таратты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жеделхат
Мемлекет басшысы Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси мен үкіметтік делегация мүшелерінің Шығыс Әзербайжан провинциясында тікұшақ апаты салдарынан қайтыс болуына байланысты Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан осы елдің Жоғары лидері Әли Хаменеи мен Бірінші Вице-Президенті Мохаммад Мохберге және барша иран халқына көңіл айтты.
– Тікұшақ апаты салдарынан Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси мен оның сенімді серіктерінің қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алдым. Ибрахим Раиси – Иран мемлекеті мен халқының әл-ауқатын арттыруға, мүддесінің мұқалмауына, аймақтағы тұрақтылықты сақтауға өз өмірін риясыз арнаған көрнекті мемлекеттік қайраткер. Оның қолға алған бастамалары мен жетістіктері халықаралық қауымдастық тарапынан жоғары бағаланғаны баршаға мәлім. Қазақстандықтар Ибрахим Раисиді парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайды. Марқұмдардың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын, – деп жазылған жеделхатта.
Раиси неден көз жұмды
2024 жылдың 19 мамырында Иран президенті ИбраҺим Раиси болған тікұшақ Иран-Әзірбайжан шекарасына жақын Верзеган қаласында апатқа ұшырады. Иранның Қызыл Жарты Ай қоғамы, ізінше әлемдегі барлық БАҚ тікұшақта болған жолаушылардың бәрі, оның ішінде Иран президенті мен елдің сыртқы істер министрі де көз жұмғанын хабарлады.
Ulysmedia.kz тілшісі оқырман назарына Ибраһим Раисидің өмірбаянынан қысқаша шолу жариялаған еді.