Астанада лауазымды қызмет атқарған шенеуніктер сотталды

Ulysmedia

Астанада Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығы комитетінің төрағасы мен балық ресурстарын қорғау және балық аулауды реттеу басқармасының басшысына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Не болды

Сотталушыларға екі эпизод бойынша айып тағылды. 

Біріншісі – 2021-2024 жылдар аралығында комитет төрағасы қарамағындағы басқарма басшысымен алдын ала сөз байласу арқылы комитетке бағынысты ұйымның бас директорынан жалпы қамқорлығы үшін 1,5 млн теңге пара алған.

Екіншісі – ЖШС директоры ұйым қызметінің қамқорлығы үшін банк арқылы 2 млн теңге пара аударған.

Сот отырысында министрліктің лауазымды тұлғалары кінәсін мойындап, жасаған істеріне өкінетінін мәлімдеді.

Сот үкімі

Шын жүректен өкінгені, құқықбұзушылықты ашуға жәрдемдескені және кішкентай балаларының бары сияқты жазаны жеңілдететін мән-жайлардың болуына қарамастан, комитет төрағасы мен басқарма басшысы мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 6 жылға сотталды, - деп хабарлайды Астана соттары.

Мемлекеттік наградан айырылады

Сондай-ақ Президентке комитет төрағасын мемлекеттік наградадан айыру туралы ұсыныс енгізілді.

Уәкілетті органға сыбайлас жемқорлық туралы, балық шаруашылығы қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың орын алуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау жайында жеке қаулы шығарылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.