«Тұлпар-Тальго» пойызында жолаушыны зорлағаны үшін 5 жылға сотталған жолсеріктің бірі мерзімінен бұрын бостандыққа шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Не болды
Ақтөбе облыстық сотының мәлімдеуінше, 2019 жылғы желтоқсанда Қостанай қаласында Қылмыстық кодекстің 120-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен 5 жылға бас бостандығынан айырылған жігіт 2022 жылғы мамырда жазасының жартысын өтеуіне байланысты шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатпен сотқа жүгінген.
Жазасын өтеу кезеңінде жақсы мінез-құлқы, еңбекке адал көзқарасы, сондай-ақ мекемеде өткізілетін спорттық іс-шараларға белсене қатысқаны үшін оң бағаланды. Бірнеше рет көтермеленді. Ол жазаны қамауда ұстаудың жеңіл жағдайында өтеді. Жазаны өтеу мерзімі ішінде ешқандай қасақана заңбұзушылыққа жол берген жоқ, - делінген сот хабарламасында.
Бұған қоса, жәбірленушіден материалдық залал мен моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талаптың бірден қойылмағаны, сот үкімі бойынша сотталған адамнан өндірілген басқа да сомалардың толық көлемде төленгені ескерілген.
Осы мән-жайлар бойынша сотталған адамның шартты түрде мерзімінен бұрын босап шығуға мүмкіндігі болды. Заңда көзделмеген себептер бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартуға тыйым салынады, - дейді сот өкілдері.
Сол себепті сот алқасы сотталушының шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырған.