Белгілі әнші Әлішер Кәрімов Димаш Құдайбергенмен араласпай кеткенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
- Шынымды айтайын, Димашпен қазір байланыс жоқ. Екі-үш ай бұрын студияда көрісіп қалдық. “Қалай жағдай, бәрі жақсы” деп бір-екі минут сөйлестік, болды. Туған күнімізбен бір-бірімізді құттықтамаймыз. Бір-бірімізбен хабарласпаймыз, – дейді ол журналист Асхат Садырбайға берген сұхбатында.
Журналистің “неге” деген сұрағына Димашпен Қытайға дейінгі байланысы мен қазіргі байланысы басқа екенін айтып, “оның уақыты жоқ шығар” деп болжайды.
- Мүмкін бұл (достық қатынас) оған керек те жоқ шығар. Мен “ұялы телефон нөмірін алмасайық” деп едім, қаламағандай болды. Мен сонымен қойдым. Сұрамшақтанғанды ұнатпаймын. Таңдауы шығар. Кез келген адамның таңдауын құрметтеймін, – дейді ол.
Әлішер бұрын Димашпен ылғи байланыста болғанын, аға-бауырдай араласқанын айтады. “Қазір соның бәрі артта қалды” дейді.