Арыстағы әскери бөлімде үш адам қаза тауып, екеуі жарақат алды

Ғалиасқар Думан

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Арыста әскери бөлім аумағында кәріз жүйесіне қызмет көрсету және тазалау жұмыстарын орындау кезінде үш адам қаза тапқан, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

Кәріз газынан улану салдарынан екі азамат пен бір әскери қызметкер қаза тапқан.

Қайғылы оқиға Шымкент аудандық пайдалану бөлімінің жұмысшысын құтқару кезінде болды. Ол жұмыс барысында абайсызда құдыққа құлап кеткен. Оған көмекке келген екі жұмысшы мен екі әскери қызметкер де жағдайларының нашарлауына байланысты сол жерден шыға алмай қалған.

Тағы бір жұмысшы мен әскери қызметкер ауруханада жатыр. Олардың жағдайы тұрақты ауыр деп бағаланады.

ҚР ІІМ Әскери тергеу басқармасының Шымкент бөлімі ҚР ҚК 156-бабының 4-бөлігі бойынша (еңбекті қорғау ережелерін бұзу) сотқа дейінгі тергеуді бастады.

Еске сала кетейік, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болды. Бас әскери прокурордың орынбасары Мақсат Қазиев армияда соңғы төрт жылда 90-ға жуық суицид жасалғанын хабарлаған болатын.​​