Қазақстанда өсірілген жеміс-жидек, көкөністің 95 пайызы бүлініп кетеді

Ulysmedia

Елімізде сақтайтын қойма тапшы болғандықтан, жеміс-жидектің 95 пайызы өңдеуден өтпейді. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Егізбаев айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөзден

“Жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін айтпаған күннің өзінде жеміс-жидек, көкөністердің тек қана 5-6 процентін өңдейміз де, 95 пайызын бүлдіріп аламыз. Жоғалтып аламыз, өңдей алмай қаламыз. Олар енді көп сақталмайды ғой. Сондықтан Үкіметтің алдында жеміс, көкөніс, алмаларды, жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін жақсы өңдейтін заманауи кәсіпорындарды салуға  тапсырма берілді”, — деді депутат 24.kz телеарнасына.

Алматы облысындағы осындай кәсіпорындардың бірі жылына 3 мың тонна жеміс-жидек өңдейді. Комбинат күзде жергілікті шаруалардан 15 мың тонна алма қабылдайды. Германия және Голландия елдерінің озық технологиясы бойынша жұмыс істейтін  кәсіпорынның құлпынай өсіретін, 5.5 гектар жерді алып жылыжайы да бар. Сонымен қатар 20 гектар жерге таңқурай егеді. Мұздатылған жеміс-жидек өнімдері Еуропалық Одақ пен АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея сынды елдерге экспортталады. Кәсіпорын бүгінде 400-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.