Лондонда тұратын журналист, отандық телеарналардың бірінің шетелдегі меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы ұлының оқудан бос уақытында мейрамханада жұмыс істейтінін айтып, табысы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Журналист Tik-Tok желісінде жариялаған видеода оның ұлы жұмысы туралы өзі түсіндіреді.
“Жұмысым таңғы бесте басталады. Кассада тұрып, тез дайындалатын тамақтар сатамын. Клиенттерге негізінен тауық пен күріштен жасалған тағам түрлерін, гамбургер және донер ұсынамын. Сусындар мен тәттілер тағы бар. Одан бөлек тазалыққа жауаптымын. Қоқыстарды жинап, әжетхананы жуамын”, – дейді ол.
Жасөспірім адал еңбегі үшін сегіз сағат жұмыс істеп, күніне 50 мың теңге табатынын айтады.
“Оны Лондондағы пәтеріміздің газын, жарығын, салығын төлеп, әке-шешеме көмектесемін. Азық-түлік сатып алу да менің мойнымда. Кейде Қызылордадағы ата-әжеме ақша жіберіп тұрамын”, – дейді ол.