Қуандық Бишімбаев жазасын Аршалы колониясында өтейді

Ғалиасқар Думан

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметі бойынша, Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сотталған Қуандық Бішімбаевты колонияға жіберді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia.kz

ҚАЖК Қуандық Бишімбаев сот үкіміне сәйкес барынша қатаң режимдегі мекемеге жіберілгенін хабарлады.

"Сонымен қатар, Қылмыстық-атқару кодексінің 88-бабына сәйкес, сотталғандар жазасын өтеу орнына бекітілген мекемеге жіберіледі", - делінген хабарламада.

“За нами уже выехали” Телеграм-арнасы оның Астанаға жақын маңдағы, Ақмола облысындағы Аршалы колониясына жіберілгенін хабарлады. 

БИШІМБАЕВ ІСІ

Еске сала кетсек, 13 мамырда Астанада әйелін аса қатігездікпен қинап өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевқа сот үкімі шыққан еді. Астана қаласындағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталды. 

Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылған. Сот үкімімен ол 4 жылға бас бостандығынан айырылды.