Орман өртіне қарсы қызмет ететіндерге қосымша төлемдер белгіленеді

Әлихан Асқақ

Тиісті қосымшалар экология және табиғи ресурстар министрлігінде дайындалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Shutterstock

"Ашық НҚА" порталында еңбек жағдайларына төленетін қосымша ақылар мен үстемеақыларды белгілеу ережелеріне өзгерістер жобасы жарияланды. Құжатқа сәйкес, Қазақстанда орман өрттеріне қарсы қызметкерлерге қосымша төлемдер енгізіледі.

КІМДЕРГЕ БЕРІЛЕДІ?

Бұл мемлекеттік орман қорғау қызметкерлері, орман өрт сөндіру станцияларының өрт сөндіру қызметтері, орман шаруашылығы ұйымдары, орман және жануарлар әлемін авиациялық қорғау десантшыларының денсаулығы мен өміріне қауіп төндіру қаупі бар жұмыстар үшін жалақысының 100 пайызы мөлшерінде қосымша төлемдер туралы сөз болып отыр.

СЕБЕБІ

Бұл орман өрттерінің алдын алу және жою бойынша тұрақты негізде жұмыс істейтін барлық қызметкерлерге үстемеақы төлеуді қамту үшін қажет екені көрсетілген.

Еске салсақ, 1 шілдеден бастап Қазақстанда орманшылардың жалақысы өсті.

Жалақыға 100 пайыздық үстемеақыны орман өрт сөндіру станцияларының, орман мекемелерінің, табиғат қорғау және орман шаруашылығы ұйымдарының қызметкерлері алады.

Олардың қатарында: орман өрт сөндірушілері, өрт сөндіру машиналарының жүргізушілері, тракторшы-машинистер, радиооператорлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтары мен аппаратураларын жөндеу слесарьлары, өрт бақылау мұнарасының бақылаушылары бар. Сондай-ақ 113 орман өрт сөндіру десантшысының жалақысы көтеріледі.

Қаулыны жүзеге асыру үшін 2024-2027 жылдарға республикалық бюджеттен шамамен 8,5 млрд теңге көлемінде шығындар қарастырылған. Барлығы 3,3 мың қызметкер қосымша төлеммен қамтылады.