Отарда комаға түскен сарбаз есін жиды. Жігіттің әкесі Тимур Жаналин бұл қуанышты жаңалықты өзінің Instagram парақшасында айтты. Ол қолдау көрсеткен адамдардың барлығына алғыс айтып, Нұржігіттің өзін жақсы сезінетінін жеткізді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
"Ұзақ уақыт байланысқа шықпадық, бірақ бұның себептері болды. Біріншіден, сәттілікті үркітпеу үшін, екіншіден, ұлымыз есін жиғанша. Барлығымыздың дұғаларымызбен Жаратқан дәрігерлердің қолымен Нұржігітке көмектесті және оған ұзақ әрі бақытты өмір сүруге күш пен мүмкіндік берді. Бірақ күрес әлі де жалғасуда... Алда қалпына келтіру мен оңалту бар", - деп жазды Тимур Жаналин.
Нұржігіт Әбділпатта әскерге биыл мамырда алынған. Ол Шымкенттегі “Авиценна” жоғары медицина колледжінде 1-курста оқып жүрген. Демалыста Қостанайдағы үйіне барғанда әскерге өз еркімен барғысы келетінін айтқан. Анасы “ұлым әскерге сап-сау кетті” дейді.
ОҚИҒА ҚАЛАЙ БОЛДЫ?
Еске сала кетейік, Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар ауылындағы №30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы қатардағы жауынгер Нұржігіт Әбділпатта жансақтау бөліміне түскен еді. Анасы ұлына “әлімжеттік жасағанын” айтқан.
Сарбаздың анасына әскери полиция қызметкері хабарласып, ұлының ЖРВИ диагнозымен әскердегі медпунктке түскенін айтқан.
ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ
Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысқанын, болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап еткенін жазды. “Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды” деді ол.