Екпенің жалған паспортын жүздеп таратқан медбикелер ұсталып жатыр

Аян Өрібай

Ішкі істер министрлігі медбикелердің сыбайластарының да қолға түскені туралы ақпарат таратты, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөздерден

Ішкі істер министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, елордада 15 қыркүйекте қалалық емхананың 2 медбикесі ұсталған. Осы жылдың маусым айынан бастап жалған вакциналау жүргізген олар мектептердің бірінің делдал-оқытушысын да іске тартқан. Алдын ала ақпарат бойынша 100-ге жуық азамат жалған төлқұжат алған. Барлық анықталған факт бойынша жалған екпе алған адамдарды анықтау іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Мұндай оқиға Маңғыстау облысында да тіркелген. Полицейлер жалған вакцинациялау жүргізгені үшін (ақшалай сыйақы үшін 30 мың теңге) сегіз адамды, оның ішінде 4 медицина қызметкерін ұстаған. Олардың қолымен жалған төлқұжаттар 150-ден астам азаматқа берілген.

«Жыл басынан бері ПТР-тест пен вакциналау паспорттарының жасанды нәтижелерін қолдан жасау және пайдалану бойынша 156 қылмыстық іс тіркелді. Сотқа 20 қылмыстық іс жолданды. 17 адамға қатысты 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынып, айыптау үкімі шығарылды», - делінген министрліктің хабарламасында.