«Ауылға жол»: Ulysmedia жаңа жоба бастайды

Абзал Досым

Ulysmedia командасы «Ауылға жол» атты тың жоба бастайды. Редакцияның шығармашыл тобы бұл жолы ауыл-аймақты аралап, жұртшылықтың тыныс-тіршілігімен танысып, оқырман мен көрерменге өңірлерден ақпарат таратады.

ulysmedia

«Ауылға жол» жобасы бүгіннен басталады.

Жалпы елдің күретамыры – ауылдарда ахуал қандай? Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерде билік уәде еткендей халыққа көмек көрсетіліп жатыр ма? Ауылдың түтіні қалай түзеледі? Ол үшін жергілікті атқарушы органдар қандай шаруа атқаруда? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын іздеуді мақсат тұтқан команда шыққан материалдарды ресми парақшаларымыз бен сайтымызда жариялайды. Бұдан бөлек, ауыл өмірін қызықтайтын, ауыл “вайбын” сезінгісі келетін көрермен үшін жоба әлеуметтік эксперимент ретінде қабылдануы мүмкін. 

Фото: ulysmedia.kz ұжымы әріптестерін ауылға шығарып салды

Егер біз әлеуметтік желілерде көрсеткен өңірлерде қандай да бір мәселелер болса немесе көрнекі орындар барын білсеңіз, міндетті түрде кері реакция білдіріп, бізге бағыт-бағдар бере отырыңыздар. Ulysmedia командасы сіздерден қолдау мен ынтымақтастықты күтеді.

“Соңғы 30 жылда барлық назар Астанада болды.  Ауылдар құлдырап кетті. Енді мұны барлығы біледі.  Айтады. Бірақ, нақты ауылдағы халықтың  тынысын көріп, халықтың мәселесін орталыққа жеткізу мақсатында біз осы жобаны бастап отырмыз. Бұл жерде “Ұлыстың” редакциясы  ауылдарды аралап  проблемасын көріп, айтып, билікке жеткізуді алға қойып отыр. Еркін жоба болады. Қатып қалған сценарий жоқ.  Қай ауылға шақырса, сол ауылға барамыз. Сондықтан бізбен бірге болыңыздар, үн қосыңыздар”, – дейді жоба авторы Самал Ибраева.

“Ауылға жол” жобасына атсалысқысы келетін әр адам Whatsapp: +7 705 729 97 00 нөмірге хабарласа алады. Өтініш, тілек, арыз, шағымдарыңыз да қабылданады.

Еске салсақ, Қазақстанда 6 256 ауыл бар. Онда 7,6 млн адам тұрады. Бұл көрсеткіш еліміздегі халық санының 38,4%-ын құрайды.