«Таза Жағалау»: Жайықтың жағасынан 160 тонна қоқыс шығарылды

Дастан Кенжалин

Атырау облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында іс-шаралар жалғасуда.

Бүгін акция аясында өңірдің табиғатқа жанашырлары сенбілікке шығып, Жайық жағасынан қоқысты шығарды, деп хабарлады Ulysmedia.kz Атырау облысының әкімдігіне сілтеме жасап.

Атырау облысының әкімдігі

АКЦИЯНЫҢ МАҚСАТЫ – АДАМДАРДЫ ЖАУАПКЕРШІЛІККЕ БАУЛУ

Табиғатты қорғау акциясының мақсаты – тұрғындарды отансүйгіштікке, өз қаласы үшін жауапкершілікке баулу, экологиялық мәдениетін қалыптастыру.

Төтенше жағдай режимі кезінде Жайықтың жағалауына 5 миллионға жуық қап төселді. Су деңгейі азайған соң, өзен жағасын санитарлық тазалау қажеттілігі туындады.

Сенбілік аясында жастар мен қоғамдық белсенділер жағалаудан 160 тонна топырақ салынған қаптарды шығарды.

«Жасыл ел» жастар қозғалысының ұйымдастырушысы Заманбек Құрақбайдың айтуынша, тазалық жұмыстары жалғасады.

Табиғи сипаттағы төтенше жағдай кезінде «Жасыл ел» жастар қозғалысының аясында 1000 жас жұмыспен қамтылды. Әр адам экологиялық мәдениетті сақтауды өзінен бастау керек. Санитарлық тазалыққа жұмылып жатқан тұрғынның қарасы көп, - деді Заманбек Құрақбай.

Экологиялық акцияға қатысушылар бірнеше учаскеге бөлініп, әр учаскеге жауапты үйлестіруші белгіленді.

АКЦИЯ БАСТАЛҒАЛЫ 723 МЫҢ ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ

Акция басталғалы облыста 200 гектар аумақ тазаланып, 723 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Ұйымдастырушылар тұрғындарды тазалыққа жұмыстарына тарту бағытында бірнеше жоба жоспарлап отыр.

Еске салсақ, жақында Экология және табиғи ресурстар министрлігі Атыраудағы Сарыөзек (Қара өзен) каналында шабақтардың қырылуына қатысты өз пікірін жариялап, шабақтардың қосымша қазылған сайға арықтар арқылы жеткенін, ағыстың болмауына байланысты су деңгейі азайғаннан кейін шабақтар оттегін ала алмай, соның кесірінен жас балықтар қырылып қалғын айтқан болатын.

Акцияға қатысқан жергілікті азаматтар болашақта осындай экологиялық жағдайды болдырмау үшін Жайықтың жағасын тазалауды мақсат етіп отыр.