Белгілі тележурналист Ләйла Сұлтанқызы Fly Arystan компаниясының ұшағында жарақат алды, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
«МЕНІҢ БЕТІМЕ ҮСТІҢГІ СӨРЕДЕ ТҰРҒАН АУЫР ЗАТ ҚҰЛАДЫ»
Мен Fly Arystan компаниясының үстінен арыз жаздым.
Бүгін кешкі 21:50 шамасында KC7326 рейсімен Шымкенттен Астанаға ұшып келдім.
Ұшақтың есігі ашылмай, орнынан тұрып кеткен жанымдағы жолаушының абайсыздығынан бетіме үстіңгі сөреде тұрған ауыр (қатты) зат құлап, көзімнің тұсын жырып, қабағым жарылды. Бұл @flyarystan әуекомпаниясы қауіпсіздік шарасын сақтамағандықтан болған жағдай. Бортсеріктер мен әуекомпанияның алғашқы көмекке дайын емес болғанына қапа болдым. Не аптечка, не мұз, не суық зат, не қан тоқтатын салфетка жоқ.
Менің орнымда бала немесе қарт адам отырып, басы жарылып, қатты жараланса, миы шайқалып, көп қан кетсе жағдай қиын болар еді. Жауапсыздық! Әр бортсерік жолаушы мініп-түскенше адам денсаулығына жауапты болу керек. Алғашқы көмек көрсетуге міндетті!, - деді ол.
Журналист осы жайында өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды. Жазбаға қоса бірнеше фотосурет берілген. Осы фотоларға қарағанда, Ләйла Сұлтанқызына Fly Arystan компаниясының медицина қызметкерлері алғашқы көмекті көрсеткен.
СОҢҒЫ ЕКІ АЙДА КОМПАНИЯҒА ЕКІ РЕТ АЙЫППҰЛ САЛЫНДЫ
Еске сала кетсек, осы соңғы екі айда Fly Arystan компаниясына қатысты келеңсіз оқиғалар болған еді. Атап айтқанда, компанияға 11 шілдеде Алматы-Қарағанды рейсінің жолаушыларын қонақ үйге орналастырмай, оларға трансфер ұйымдастырмағаны үшін 3 692 000 теңге айыппұл салынды. Одан кейін FlyArystan авиакомпаниясы кәмелетке толмаған жолаушыны рейске жібермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жақында компания тағы айыппұл төледі. Бұл жолы FlyArystan-ға Алматы – Астана бағыты бойынша рейс кешіктірілген кезде қызметтерді ұсынбауға байланысты (жолаушылар қонақүйге орналастырылмаған, жолаушыларды әуежайдан қонақ үйге дейін және кері қарай трансфер ұйымдастырылмаған) Әкімшілік кодекстің 567-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалып, 1 000 АЕК (3 692 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды.
Осы аптада FlyArystan әуе компаниясының басшысы Ричард Леджер 21 шілдеде «Астана-Орал» рейсіне жіберілмеген 12 жастағы қыздың анасы Жазира Мусинамен кездесіп, отбасыдан кешірім сұрады.