FlyArystan компаниясының «Алматы-Астана» бағытына рейс жасаған ұшағы тағы кешігіп ұшты, деп хабарлады Ulysmedia.kz.
Осыған байланысты әуе компаниясы «Алматы-Астана» рейсінің кешігуіне қатысты ақпарат берді. Бірақ ұшудың не үшін кешіккенін жария еткен жоқ.
ТАҒЫ ДА ТЕХНИКАЛЫҚ АҚАУ
2024 жылғы 19 тамызда FlyArystan Кс7053 Алматы – Астана рейсінің ұшуы техникалық ақауға байланысты сағат 09:05-тен 09:25-ке дейін кешіктірілді. Жолаушыларға рейстің сағат 09:25-тен 10:55-ке ауысқаны туралы ескерту жасалды, - деп хабарлады әуе компанияның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, ақпаратта рейске кешіккен жолаушыларға ақшасын қайтаруға немесе келесі рейстерге брон жасауға болатындығы айтылған.
Кешіккен жолаушыларға 50 мың теңге сомасында өтемақы беріледі. Қазір байланыс орталығының агенттері жолаушылармен хабарласып жатыр, - деп түсіндірді FlyArystan әуе компаниясының өкілдері.
КӨЛІК МИНИСТРЛІГІ ТЕКСЕРУ ЖҮРГІЗЕТІНІН МӘЛІМДЕДІ
Бұған дейін де Алматы әуежайында рейстер әлі де кешігіп жатқаны хабарланды.
Алматыдан Ташкентке, Астанаға, Шымкентке, Павлодарға, Ұлан-Баторға, Ақтауға, Қарағанды мен Атырауға ұшатын ұшақтар кешіккен.
Сонымен қатар Ақтөбе, Астана, Көкшетау, Ұлан-Батор, Душанбе, Сеул, Атырау, Шымкент, Ыстамбұл, Павлодар қалаларынан келетін әуе рейстері кейінге шегерілген.
Ал өткен аптада Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитеті ұшақтардың жиі кешігуіне байланысты Air Astana мен FlyArystan компанияларына жоспардан тыс тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.