Джонсон бастаған британдық экс-шенеуніктер Ресейге қатты шүйлікті

Сырым Қаржас

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Борис Джонсон мен бұрынғы бес қорғаныс министрі қазіргі премьер-министр Кейр Стармерді Киевтің Ресейге соққы беруі үшін британдық «Storm Shadow» зымырандарын пайдалануға рұқсат беруге шақырды, хабарлайды Ulysmedia.kz.. Бұл туралы The Times газеті ақпарат таратты.

Ашық дереккөзден

Әңгіме Киевке АҚШ-тың рұқсатынсыз-ақ Ресей аумағына соққы беру үшін британдық қаруды қолдануға рұқсат беру туралы болып отыр. Джонсон айтқандай, «кідіруге ешқандай себеп жоқ».

Бұған дейін НАТО Әскери комитетінің төрағасы Роб Бауэр әскери тұрғыдан Киевке Ресей аумағына ішкерірек соққы беруге рұқсат беру орынды болатынын айтқан. Бұл арада Ресей президенті Владимир Путин Украина қарулы күштеріне Батыстың алысқа атылатын қаруларын пайдаланып, Ресейге терең соққы беруге рұқсат беру НАТО-ның қақтығысқа тікелей қатысуын білдіреді деп мәлімдеген.