Әлеуметтік желіні пайдаланушылар «Спутник V» вакцинасын салдыру енді заңсыз екені туралы ақпаратты таратып жатыр. Өйткені препаратты Қазақстан аумағында тіркеу осы жылдың 15 қазанында аяқталған-мыс. Әйтсе де Денсаулық сақтау министрлігі ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Желіге осы ақпаратты таратқандар ресейлік вакцинаны тіркеу уақыты 9 айда аяқталатынын жазысқан. Алайда министрлік оны жоққа шығарды.
«ҚР ДСМ медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бұйрығына сәйкес SARS-CoV-2 вирусы тудыратын коронавирустық инфекцияның алдын алуға арналған гам-КОВИД-Вак вакцинасына уақытша тіркеу куәлігі 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін ұзартылған», - деп жауап берді министрліктен.