Өрттен 5 бала қаза тапты: Зәкиева Жітіқарадағы трагедияға қатысты мәлімдеме жасады

Қалижан Бектемір

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Қостанай облысы Жітіқара қаласында өрттен қаза тапқан балалардың жақындарына психологиялық көмек көрсетілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

АЛТЫ БАЛА АТА-АНА ҚАРАУЫНСЫЗ ҚАЛҒАН

Өрт сөндірушілер өртті таңғы сағат 06:08-де сөндірген. Тілсіз жау басталғанда үйде 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылы туған алты бала ата-анасының қарауынсыз отырған. Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы кешке танысының үйіне кеткен, ал жұбайы жазасын өтеу мекемесінде. Өңірлік уәкіл оқиға орнында. Психологтар балалардың туыстарына қажетті психологиялық көмекті көрсетіп жатыр. Ата-ана мен жақындарына көңіл айтамын, – деп жазды Динара Зәкиева.

ОҚИҒА ЖАЙЛЫ

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін таңға жақын Қостанай облысындағы Жітіқара қаласында жер үй өртеніп, өрт сөндірушілер үйден бес баланың мәйітін тапқан болатын. 

Сотқа дейінгі тергеу басталды. 

ОҚИҒА БАРЫСЫ БАС ПРОКУРОР БАҚЫЛАУЫНДА

Облыс прокуратурасы қайтыс болған балалардың туыстары мен жақындарына көңіл айтады. Бұл фактіге қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды, өрттің алдын ала себебі – пешті қараусыз қалдыру. Оқиға орнына облыс прокурорының бірінші орынбасары Б.А. Бекбосынов барды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысы Қазақстанның бас прокурорының бақылауына алынды, –  деп мәлімдеді облыс прокуратурасы.