Бұл туралы Мәжіліс қабырғасында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МИНИСТР НЕ ДЕЙДІ
Елдегі кадр мәселесі талқыланған жиында министрге ауылдардың мәселесі жөнінде сұрақ қойылған.
– 220 мың азамат ауылды жерден кетті. Қазір ауылға барып жатқан азаматтар аз – бұл бағытта статистика өте төмен. Оңтүстік өңірлерден солтүстікке көшіріп жатырмыз ғой. Қоныс аударушылардың санына қарасақ, сапасы да төмендеу. Әкімдермен сөйлессек, олардың өзі наразылық білдіреді. “Келетін кісілердің жұмыс күші өте төмен” дейді. Неге деп сұрасақ, “кредиттен қашқан, үйі жоқ, білімі, оқуы жоқ азаматтар келіп жатқаны көп” дейді. Сол себепті нормалар мен жаңа формаларды енгізу керек. Маусымдық вахта мен мобильді кәсіпкерлікті дамытқан абзал, – дейді ол.
Министрдің сөзінше, ауылды жердегі жастарды оқытып, бірінші біліктілігін көтеріп, бизнесін ашу бағытында жұмыс істеліп жатыр. 10 мың азаматты оқытып, бизнес ашып, ауылды жерде жұмыспен қамту көзделген.
Светлана Жақыпова еңбек нарығында формалды емес жұмыспен қамтудың деңгейі жоғары екенін мойындайды. Оның сөзінше, 2023 жылы нақты зейнетақы аударымдарының деректері бойынша есептелген еңбекақы төлеу қорының көлемі 20 трлн теңгені құраған. Өз кезегінде, Ұлттық статистика бюросының бағалауы бойынша еңбекақы төлеу қоры екі есеге жуық – 38 трлн теңге. Еңбекақы қоры бойынша деректердің едәуір алшақтығы сауда, ауыл шаруашылығы және жылжымайтын мүлік секторларында байқалады.