«Бұрын-соңды көрген адамымыз емес»: Шерзаттың әпкесі Хасан Қасымбаевтың сұхбатына қатысты ойын айтты

Ілияс Бақыт

Талғардағы резонансты трагедияға қатысты ел арасында Хасан Қасымбаев деген азаматтың аты  жиі аталып жатыр. Бейресми деректерде "ол қылмыстық топтың серкесі, Шерзатты өлтірген соның бауырлары" деген ақпарат тарады. Бүгін Orda.kz порталында аты аталған Хасан деген азаматпен сұхбат шықты. Ulysmedia.kz тілшісі осыған қатысты марқұм Шерзат Болаттың әпкесінің пікірін сұрады. 

Коллаж Ulysmedia

“БҰРЫН-СОҢДЫ КӨРГЕН АДАМЫМ ЕМЕС”

Марқұм Шерзат Болаттың әпкесі Перизат Нұрымова Хасан есімді азаматты бұрын-соңды көрмегенін айтты. 

“Бұрын-соңды білген адамым емес. Ол адамды бетпе-бет көрген емеспін. Ауыл жақын болса да көрген адамым емес”,- деді әпкесі. 

Ал оның сұхбатына қатысты әркім өзін ақтауға құқылы деп қысқа жауап берді. 

“Әркімнің өзін ақтап алуға құқығы бар емес пе? Әркім “Ауыл жаман демейді, адамы жаман” дейді ғой”,- дейді Перизат Нұрымова. 

“ТАЛҒАР РОВД-СЫ НЕГЕ ТАРАТҚАНЫН СҰРАҢЫЗДАРШЫ”

Біз Перизат Нұрымовадан желіде тараған төбелестің видеосына қатысты пікірін сұраған едік. Жәбірленуші тарап бейнебақылау видеосы әу баста құзырлы органдарға тапсырылғанын айтты.

“Талғар РОВД-сы неге таратқанын сұраңыздаршы. Соларда тұрған материал ғой. Жесткий диск менде болмаса, бауырларым да болмаса қайдан алам... Бүкіл Қазақстан біледі ғой оның кімде екенін. Солар таратып отырған шығар”, – деді Перизат Нұрымова.

“ҚАЗАҚСТАННАН КӨШЕМІЗ”

Талғардағы трагедияға қатысты әлеуметтік желіде бейнебақылау камерасының жазбасы тараған. Видеоның бас-аяғы түсініксіз. Осыған қатысты Ulysmedia.kz тілшісі марқұм Шерзат Болаттың әкесінің пікірін сұрады. 

“ОЛАР БІРІНШІ ПЫШАҚПЕН КЕЛДІ”

Шерзаттың әкесінің пікірінше төбелестің видеосын әлдекімдер әдейі таратқан. 

“Бәрін көріп отырмын. Әділетті шешім күткем. Әдейі таратып отыр видеоны. Қандай жағдай болса да айтайын. Мен қан төксем, мені қаралауға болады. Мен қан төккен жоқпын. Менің баламды анасының көзінше өлтіріп отыр. Одан басқа не дәлел керек оларға? Отбасымды қалай қорғауым керек сонда?  Олар бірінші пышақпен келді ғой, мен сонда ручкамен шығуым керек пе? Жатып алып таяқ жеуім керек пе?”- дейді Қаржаубай Нұрымов.

Қаржаубай Нұрымов бұлай жалғаса берсе әділдікке сенбейтінін, тіпті Қазақстаннан көшуге мәжбүр екенін айтты. 

ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА

Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. 

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді.

12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.