Израиль Газадағы БҰҰ-ға қарасты мектепті атқылады: 7 адам қаза тапты

Сырым Қаржас

Израиль әскери-әуе күштері босқындар паналаған Газа секторындағы БҰҰ-ға қарасты мектептердің біріне соққы жасады. Алдын ала мәлімет бойынша, кемінде жеті адам қаза тапты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

aa.com

Палестиналық босқындарға арналған Таяу Шығыстағы көмек пен жұмысты ұйымдастыру агенттігімен байланысы бар мектепті тұрғындар паналап жүрген болатын.

Палестинаның ресми ақпарат агенттігі WAFA-ның хабарлауынша, Таяу Шығыстағы палестиналық босқындарға көмек көрсету және жұмыстарды ұйымдастыру агенттігіне (UNRWA) қарасты Эсма мектебінде орналасқан Газа қаласының батысындағы Әл-Шати босқындар лагерін Израиль ұшағы бомбалаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Израиль шабуылы салдарынан жеті адам қаза тапқан, жараланғандар бар.

2023 жылдың 7 қазанынан бері 42 500-ден астам палестиналық Израильдің Газа секторына жасаған шабуылдарының құрбаны болды, оның ішінде 17 000-ға жуық бала мен 11 378 әйел бар Сонымен қатар тағы 99 546 адам жарақат алған.

Еске сала кетсек, жуырда Израильдің Палестинаға шабуыл бастағанына бір жыл толған. Қақтығыс кесірінен 41 мың палестиналық қаза тапқан, оның көбі – бейбіт тұрғын.

Ливанда соңғы үш аптада 400 мыңнан астам бала үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) соғыс елде "жоғалған ұрпақтың" пайда болу қаупін төндіріп отырғанын ескертті.

Ал Түркия президенті Ердоған Израильдің соғыс ауқымын одан әрі кеңейту ниеті бар екенін мәлімдеді.