Түркі дүниесінің ең үздік режиссері анықталды

Әлихан Асқақ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор, режиссер Нұрқанат Жақыпбай Түркі дүниесінің ең үздік режиссері атанды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

дереккөз

Түркменстанның Ашхабад қаласында өткен түркі дүниесінің ІІ халықаралық театр фестивалінде қазақтың атақты режиссері, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көптеген халықаралық фестивальдердің бас бәйге иегері, «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі Нұрқанат Жақыпбай «Түркі дүниесінің театр өнеріне қосқан үлкен үлесі мен жаңашылдығы» үшін «Түркі дүниесінің ең үздік режиссері» арнайы сыйлығына ие болды.

Түркі мемлекеттері арасында алғашқы рет тапсырылып отырған бұл марапат халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымы тарапынан берілген.

Нұрқанат Жақыпбай режиссер, профессор. Парасат, Достық ордендерінің иегері. Астана жастар театрының көркемдік жетекшісі әрі бас режиссері.

Театр сахнасында Сәкен Сейфуллин (Ә.Тәжібаевтың “Монологтарында”), Асқар (С.Мұқановтың “Ботагөзінде”), Әбіш (Б.Майлиннің “Шұғасында”), Еркебұлан (С.Сейфуллиннің “Қызыл сұңқарларында”), Горацио (У.Шекспирдің “Гамлетінде”), Сердәлі (Ғ.Мүсіреповтің “Ақан сері – Ақтотысында”), Нияз (Т.Ахтановтың “Махаббат мұңында”), Бақытжан (О.Бөкеевтің “Қар қызында”), т.б. рөлдерді сомдаған.

Жақыпбай киноактер ретінде де танымал болған. Ол бейнелеген Таңат (“Шоқ пен Шер”), Сарман (“Жаңа жыл кешінде”), Саржан (“Жамбылдың балалық шағы”), Армоль (“Киттер қайтып кеткенде”), т.б. образдар қазақ киносының тарихына енген.

Жақыпбай Қазақ балалар мен жасөспірімдер театрында “Жау тылындағы бала” (авт. Қ.Қайсенов, О.Бөкеев), “Махаббат аралы” (Ә.Тауасаров), “Қыз жиырмаға толғанда” (С.Балғабаев), “Кер құла атты Кендебай” (Т.Алшынбаев), “Миғұла терісі үстіндегі сот” (Ш.Айтматов, М.Шаханов), т.б. спектакльдерді қойған.

Ол Абайдың жастық шағын бейнелейтін “Желсіз түнде жарық ай” (1995), Ш.Айтматовтың шығармалары бойынша сахналаған “Жан азабы” (2000) спектакльдері үшін республикалық театр фестивальдерінде “ең үздік режиссер” атағын алған.