Атырауда полиция қызметкері жасөспірімді қағып өлтірген

Ілияс Бақыт

Атырау облысының аудандық соты абайсызда жасөспірімді өлтірген полицейге үкім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

НЕ ЖАҒДАЙ

Қызылқоға ауданының патрульдік полиция инспекторы мотоцикл айдаған жасөспірімді байқап қалады. Тоқтауға берілген сигналдарға жасөспірім жауап бермейді. Қуу барысында мотоциклші жолдан шығып, көлігін басқара алмай, жерге құлап түседі.

“Осы сәтте инспектор қауіпсіздік шараларын сақтамай, жол жүру ережелерін өрескел бұзып, жасөспірімді қағып кетеді. Жасөспірім оқиға орнында есін жимастан қаза тапты”, – деп мәлімдеді сотта.

ҮКІМ

Сотта айыпталушы кінәсін мойындады. Жағдайды жеңілдететін мән-жайлар ретінде шынайы өкінуі, кәмелетке толмаған балаларының болуы және бұрын сотталмағаны ескерілді. Ол адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін абайсызда бұзғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот бұрынғы полицейге 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру және 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.