Талғарда тағы бір шу. Қыз зорлау ма, өз-өзіне қол салу ма?

Әлихан Асқақ

Алматы облысы Талғар ауданында тағы бір қылмыс тіркелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

Желіде Тұздыбастау ауылында жол жиегінде зорланған қыздың жатқаны туралы ақпарат тарады.

КУӘГЕР СӨЗІ

Жәбірленушінің жанынан өтіп бара жатқан куәгер әлеуметтік желіде бұл оқиға туралы айтып берді.

Қыз жол бойында тұрып, кенет құлап қалды. Оны жол жиегінен көтеріп алдық. Шамамен 9-ға таман 103 бригадасы шақырылды. Қызда ұрып-соғып, зорлаған белгілер болды. Кейін ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған, сол қолы тілінген, жарақаттар бар, мойнында тілімдер бар. Алғашқы медициналық көмек көрсеткеннен кейін 103-ке қоңырау шалдым, – деді қызға көмектескен әйел.

ПОЛИЦИЯ МӘЛІМДЕМЕСІ

Жағдайға қатысты Алматы облысы полиция департаменті түсініктеме берді. 

Қыз ұрып-соғу және зорлау дерегін жоққа шығарып, арыз беруден бас тартты, алайда полиция өзін-өзі өлтіруге итермелеу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау мақсатында жедел-іздестіру шаралар кешені жүргізіліп жатыр, – делінген полиция басқармасының жауабында.

ШЕРЗАТ БОЛАТТЫҢ ҚАЗАСЫ

Еске сала кетейік, Алматы облысы Талғар қаласында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты.

Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді. 

Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды. 9 қазанда депутат Нартай Аралбайұлы бас прокурор Берік Асыловқа, ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа депутаттық сауал жолдап, 16 жасар азаматты өлтірген, жақындарын аяусыз сабаған қылмыскерлер қамауға алынып, оларға заңға сәйкес әділ жаза берілуі тиіс деп мәселе көтерді. Ал оның әріптесі Абзал Құспан қылмыстық кодекстің 201-бабын (сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) өзгерту керек деп есептейді. Бұл қажеттілік оның сөзінше, Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін айқын сезілген.

Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.

Сонымен қатар, Жақып Асанов осы іске қатысты өз есімінің аталуына байланысты түсініктеме берген.