«Дәл соққы»: Израиль Иранға әуе шабуылын бастады

Қалижан Бектемір

Израиль әскерилері Ирандағы әскери нысандарға «дәл соққы» жасап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фОТО: REUTERS/ANADOLU AGENCY

ХАСАН НАСРАЛЛАНЫҢ ӨЛТІРІЛУІНЕ ЖАУАП

BBC News-тің жазуынша, түнгі сағат 2-лер шамасында ЦАХАЛ «Ирандағы режимнің Израильге қарсы үздіксіз шабуылдарына» жауап ретінде «Ирандағы әскери нысандарға дәл соққылар жасап жатқанын» айтты.

Тегеран өзі қолдайтын ливандық шииттік «Хезболла» тобының жетекшісі Хасан Насралла израильдіктердің Бейруттегі Хезболла штаб-пәтеріне жасаған соққысынан өлтірілгеннен кейін 1 қазанда Израильге жаппай шабуыл жасап, 200-ге жуық баллистикалық зымыран ұшырған. Израиль әскері бұған қарымда шабуылмен жауап беретінін мәлімдеген. Израильдің жауап ретіндегі шабуылының ауқымы әлі анық емес. Бірақ Израильдің қоғамдық телеарнасы ондаған жойғыш ұшақ Иранның әскери нысандарына соққы жасағанын айтты, деп хабарлады Reuters.

Иранның Fars ақпарат агенттігі Тегеранның батысы мен оңтүстік-батысындағы бірнеше әскери база Израильдің атқылауына ұшырағанын растады.

ИЗРАИЛЬДІҢ НЕГІЗГІ НЫСАНАСЫ – ӘСКЕРИ НЫСАНДАР

Нысандарға энергетикалық инфрақұрылым немесе ядролық нысандар кірген жоқ, деп хабарлайды NBC News және ABC News израильдік шенеунікке сілтеме жасап.

Израильдің 12 телеарнасының хабарлауынша, соққылардың негізгі нысанасы – Иран қорғаныс өнеркәсібінің орталық әскери нысандары, соның ішінде зымыран зауыттары, ұшқышсыз ұшақтарды әзірлеу және өндіру нысандары және баллистикалық зымырандарды ұшыру базалары болған.

Иранның мемлекеттік телеарнасы Тегеран маңында «күшті жарылыс» болғанын хабарлады.

БҰҒАН ДЕЙІН...

Еске салсақ, бұған дейін жазғанымыздай, құпия құжаттардың таралып кетуіне байланысты Израиль Иранға шабуылын кейінге қалдырған.

Сондай-ақ АҚШ Газа секторына көмек жеткізілмей жатқанына алаңдайтынын жеткізген..

Күні кеше Израиль Сирия астанасы Дамаск пен елдің батысындағы Хомс қаласы маңындағы әскери нысандарға соққы жасады.

Ал Иран өзінде ядролық қарудан да қуатты қару бар екенін мәлімдеген.