Грузияда мыңдаған адам сайлау нәтижесіне қарсы митингке шықты

Ілияс Бақыт

Тбилисидің басты көшесі – Руставели даңғылы парламент сайлауының нәтижелеріне қарсы наразылық акциясына байланысты жабылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ашық дереккөзден

МЫҢДАҒАН АДАМ МИТИНГКЕ ШЫҚТЫ

Әлеуметтік желілерде митингтен түсірілген суреттер мен бейнематериалдар кеңінен таралып жатыр.

Куәгерлердің айтуынша, парламент ғимаратының алдында бірнеше мың адам жиналған, олар Грузия мен Еуроодақтың туларын алып келген.

Полиция көліктері кезекшілікте тұр.

ПРЕЗИДЕНТ ТЕ КЕЛГЕН

Сонымен қатар алаңға Грузия президенті Саломе Зурабишвили де келді, халық оның есімін дауыстап атады. 

Жергілікті фотографтардың бірінің мәліметінше, президент сайлауды "заңсыз" деп жариялап, жақын арада мерзімінен бұрын сайлау өткізілетінін жариялауы мүмкін.

БҰҒАН ДЕЙІН

Грузиядағы сайлауда «Грузин арманы» партиясы 52,98% дауыспен көш бастаған.

Көп ұзамай Грузия оппозициясы сайлау нәтижесін мойындамай, митингке шығатынын мәлімдеді.

КІМ ЖЕҢІМПАЗ

Грузияның орталық сайлау комиссиясының кейінгі алдын ала қорытындысына сәйкес, биліктегі "Грузин арманы" партиясы 53,92 пайыз дауыспен алда тұр. Парламентке өтуге қажет бес пайыздық межені төрт оппозициялық күш еңсерді: "Өзгерістер үшін коалициясы" (11,04 пайыз), "Бірыңғай ұлттық қозғалыс" партиясы (10,16 пайыз), "Қуатты Грузия" (8,8 пайыз) және Гахарияның "Грузия үшін" партиясы (7,8 пайыз).