×
492.65
525.71
5.03
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
492.65
525.71
5.03

ҚазАвтоЖол Азия даму банкінен 291 млн доллар қарыз алады

29.10.2024, 16:58
ҚазАвтоЖол Азия даму банкінен 291 млн доллар қарыз алады
hashtelegraph.com

Азия Даму банкі ҚазАвтоЖол компаниясына 291,49 миллион доллар ақшаны қарызға береді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАРЫЗДЫ НЕ ҮШІН АЛАДЫ

Қарыз мемлекеттік кепілдік бойынша теңгемен беріледі.

Бұл қаражат Орталық Қазақстандағы 208 шақырым автожолды қайта жаңартуға бағытталатын болады. Қызылорданы Жезқазғанмен байланыстыратын екі жолақты автомагистральға жұмсалады.

– Қайта жаңартылған және климатқа төзімді жолмен төрт мезгілде де жүруге болады. Жаңа жол жету уақытын төрт сағаттан екі сағатқа дейін қысқартады. Жобалық жол Қазақстанның геостратегиялық артықшылығын пайдалану және өңірлік және жаһандық интеграцияны ынталандыру үшін де шешуші мәнге ие, – деп атап өтеді қаржы институты.

АДБ жолды қайта жаңарту көрші елдермен стратегиялық сауда маршруттары саналатын Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының үш дәлізі арасындағы байланысты жақсартатынын атап өтеді.

АЗИЯ ДАМУ БАНКІ ЖАЙЛЫ

Азия Даму Банкі (АДБ) – 68 мүше ел кіретін көптарапты қаржылық даму институты. Оның 49 мүшесі Азия-Тынық мұхиты өңірінде, 19 мүшесі Азия-Тынық мұхиты өңірінен тыс жерде орналасқан. АДБ-ның ауқымды мақсаты – кедейлік деңгейін төмендету. Осыған байланысты АДБ дамушы мүше елдердің халқының кедейлікте өмір сүретін бөлігіне жәрдем көрсету мақсатында экономикалық өсуге, жан-жақты әлеуметтік дамуға және тиімді басқаруға қолдау жасайды. Қазақстан 1994 жылы АДБ мүшесі болды. Штаб-пәтері Манила қаласында орналасқан. АДБ-ның 31 кеңсесі бүкіл әлем бойынша жұмыс істейді.

2004 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі мен АДБ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл меморандумға сәйкес, АДБ Қазақстан Ұлттық Банкіне «Қаржы секторын басқару» атты техникалық көмек көрсеткен.