Ақтауда 12 жастағы қыз баланың басына футбол қақпасы құлап кетті

Ілияс Бақыт

Маңғыстауда футбол қақпасы құлап, қыз бала ауыр жарақат алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Әлеуметтік желіден

ФУТБОЛ ҚАҚПАСЫ ҚҰЛАҒАН

Ақтауда футбол қақпасы 12 жастағы қыздың үстіне құлаған. Салдарынан баланың басы және беті ауыр жарақаттанған.

ҚАУІПСІЗДІК САҚТАЛМАҒАН

Жергілікті белсенді және блогер Азамат Сарсенбаевтың айтуынша, футбол алаңының конструкциясы мердігерлер арқылы бөлшектенген, оның ішінде жерде жатқан қақпалар да бар. Балалар қауіпті сезбей, ойын үшін қақпаны көтерген, бірақ ойын кезінде құрылғы құлап, қыз балаға ауыр жарақат келтірген.

БІРНЕШЕ ЖЕРДЕН ЖАРАҚАТТАНҒАН

Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері қыз бала жабық бас-ми жарақатын, маңдай сүйегінің сызықтық сынуын, мидың орташа дәрежедегі соққысын және маңдай аймағындағы жарақат алғанын хабарлады.

ЖАҒДАЙЫ ОРТАША АУЫР

Қазіргі уақытта қыз баланың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда, ол қажетті ем алып жатыр.

ЖАҒДАЙ САБАҚ БОЛМАҒАН СИЯҚТЫ

Оқыс жағдайға қарамастан, қақпалар әлі де сол жерде қалып отыр, бұл тұрғындардың наразылығын тудырып жатыр.