Мұнай, алтын мен доллар бағасы қанша

Ғалиасқар Думан

Бүгін таңертең халықаралық нарықтарда шикізат бағасы өсіп жатқаны байқалады, ал Қазақстандағы айырбастау орындарында доллар бағамы біршама көтерілді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

МҰНАЙ

Brent маркалы мұнай бағасы 1,81%-ға өсіп, барреліне 74,13 долларды құрады, ал WTI маркалы мұнай фьючерстері 1,96%-ға көтеріліп, 70,62 доллар болды.

АЛТЫН

Алтын бағасы төмендеді: алтын фьючерстерінің құны 1,39%-ға азайып, унциясына 2 749,5 долларға жетті. Бұл нақты уақыттағы көрсеткіштер (1 қараша, 9:00).

ДОЛЛАР БАҒАМЫ

Қазақстанның валюта нарығында да белсенділік байқалады. Алматы қаласындағы айырбастау орындарында АҚШ долларын орта есеппен 487 теңгеден сатып алып, 488 теңгеден сатып жатыр. Ал елордада долларды 486 теңгеден сатып алып, 491 теңгеден сатып жатыр.

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қордың өсіміне байланысты Тоқаев берген тапсырма орындалмай қалуы мүмкін екенін айтқан.

ТАҒЫ ДА ТРАНСФЕР

Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров парламентке 2025-2027 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасын таныстырған. Ол бойынша алдағы үш жылда Ұлттық қордан 2 трлн теңгеден алу көзделген. Осы отырыста Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұнайға жатпайтын тапшылықтың жоғары күйінде қалғанын, жалпы тапшылықты жабу үшін бюджет – ұлттық қордың трансферттеріне сүйенетінін айтқан болатын.

Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қорды 2030 жылға дейін 100 млрд долларға жеткізуге тапсырма берген еді.