ШҚО-да фототұзаққа түскен бұлан елді таңқалдырды

Әлихан Асқақ

Шығыс Қазақстан облысында табиғи парктердің бірінде фототұзаққа түсіп қалған бұлан көргендерді сүйсінтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөз

Бұлан (лат. Alces) – бұғылар тұқымдасына жататын сүтқоректі, осы тұқымдастың ең ірі өкілдері.

Аталығының денесінің ұзындығы үш метрге дейін, биіктігі 2,3 метрге дейін, құйрығының ұзындығы 12-13 сантиметр; салмағы 360-600 килограмм. Аналығы кішірек. Сыртқы түрі бойынша бұлан басқа бұғылардан айтарлықтай ерекшеленеді. Оның денесі мен мойны қысқа.

Басы үлкен, өркешті, үстіңгі ерні ілулі. Тамақтың астында 25-40 см жететін жұмсақ былғары өсінді ("сырға") бар. Қылшық жүн, қоңыр-қара; аяғы ашық сұр, ақ түсті. Алдыңғы аяқтарындағы тұяқтар үшкір, бұланға оларды қасқыр немесе аю сияқты жыртқыштармен қақтығыстарда қару ретінде пайдалануға мүмкіндік береді.

Аталықтарында үлкен күрек тәрізді мүйіздер бар; олардың ауқымы 180 см-ге жетеді, салмағы 20-30 кг. Күйлеу аяқталғаннан кейін (қыркүйек-қазан айларында өтеді), бұлан мүйіздерін тастайды. Сәуір-мамыр айларында жаңалары өсе бастайды. Аналығы мүйізсіз болады.