Алматыда 37 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған көліктер ұсталды

Ғалиасқар Думан

Айыппұл төлемегендер тізімінде көшбасшы атанған шетелде тіркелген «Мерседес Бенц» көлігінің жүргізушісі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Видеодан скриншот

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ол 7 миллион теңгеден астам сомаға жол қозғалысы ережесін бұзған. Алайда айыппұлының ешқайсысын төлемеген.

“Құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік» қағидаттарын және құқық бұзушылықтар үшін жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз ету мақсатында Алматы полициясы тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізеді. Одан кейін құқық бұзушының көлігі арнайы айыппұл тұрағына қойылады”, – деп хабарлады ПД Жергілікті полиция қызметінің жедел іздестіру бөлімі.

Рейд барысында жалпы жиыны 37 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған көліктер анықталған.

“Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, келген жері бойынша тәркілеу туралы хаттама толтырылады. Ұсталған көлікті айыппұл тұрағынан босату тек айыппұлды толық өтегеннен кейін ғана жүзеге асырылады, – делінген хабарламада.