Жеке деректер «жекенің» қолында: мемлекеттік қызметтерді енді кәсіпкерлер көрсете бастайды

Аян Өрібай

Халыққа қызмет көрсету орталықтары көрсететін мемлекеттік қызметтердің бірқатарын енді кәсіпкерлер де көрсете бастайды. Жеке секторға қазақстандықтардың дербес деректерінің кейбірі беріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ашық дереккөзден

164 КӘСІПКЕР ӨТІНІШ ҚАЛДЫРҒАН

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының норма шығару қызметінің басшысы Нұрлан Баймұрзаев Қазақстанда ХҚО маңында "пысық көмекшілер" (жұрт ішінде "помогайкалар" деп аталады) деп аталатын кәсіп иелері барын айтады. Бұл – көлеңкелі бизнес. Қабылданған заңнамалық шаралар осы саланы реттеуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлерден ХҚО қызметтерін көрсетуге 164 өтінім келіп түскен. Бұл бизнестің жобаға қатысуға қызығатынын көрсетеді.

МҰНДА ҮЛКЕН ҚАУІП ЖОҚ

Шамамен бір-екі айдан кейін жеке ХҚО қызмет көрсетуді бастап кетеді. Бұл ретте бизнесмендер қазақстандықтардың ЖСН, ТАӘ және телефон нөмірлері сияқты дербес деректеріне қол жеткізе алады. Алайда қазақстандықтарда таңдау мүмкіндігі бар. Мемлекеттік ХҚО-ға да барып, бұрынғыша қызмет көрсетуді талап етуге болады.

– Жеке деректер әртүрлі екенін түсіну керек. Ашық дербес деректер және жабық дербес деректер бар. Денсаулық жағдайы, қаржылық жағдайы, бала асырап алу туралы деректер ашылмайды. Азаматтар билеттерді сатып алу үшін, мысалы, банкте төлеу үшін ЖСН, аты-жөнін онсыз да ұсынады. Бұл ашық дербес деректер. Мұнда үлкен қауіп жоқ. Бұл ретте дербес деректермен жұмыс істейтін кез келген кәсіпкер қорғауды және сақтауды қамтамасыз етуге міндетті", – деді Нұрлан Баймұрзаев Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің дербес деректерді қорғау саласындағы мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Қабдеш Әділетхан жеке деректерді жеке қолға беру идеясы ведомствоның орталық аппаратына тиесілі екенін атап өтті. 

– Тәуекелдер мен жеке деректердің тарау ықтималдығы бар. Бұл мемлекеттік органдар, бюджеттік немесе жеке ұйымдардың өкілдері болсын. Оның 100% алдын алу мүмкін емес, өйткені кем дегенде адами фактор бар, – дейді Адлетхан Қабдеш.

Ресми мәліметке сүйенсек, мемлекеттік корпорацияның серіктесі – тек сенімді, тексерілген және клиентке бағдарланған кәсіпкерлік субъектілері ғана бола алады. Серіктестердің клиенттің келісімінсіз дербес деректерге қол жеткізу мүмкіндігі болмайды. Сәйкесінше, қызмет алушы туралы ақпарат өтінімді рәсімдеу сәтінде ғана қолжетімді болады.

Бүгінгі таңда ХҚКО-ларда дербес деректерге қол жеткізу процесі екі тәсілмен, яғни биометриялық сәйкестендіру және дербес деректерге қол жеткізуді бақылау сервисі (МБС) арқылы жүзеге асырылады. Олар ақпаратты рұқсатсыз алудан немесе таратудан қорғайды. Айта кетейік, МБС бұл 1414 нөмірінен түсетін SMS арқылы жүзеге асады, хабарламаға қызмет алушы келісіммен жауап беруі қажет. Деректерге қол жеткізу тек сұралған қызмет шегінде ғана ұсынылады. Егер хабарлама түскен сәтте азамат ешқандай қызметке сұраныс болмаса, онда хабарламадағы деректерді беруден бас тарту батырмасын басу керек. Көрсетілетін қызметті алушының келісімінсіз ақпаратқа қол жеткізу мүмкін емес. Дәл осындай жұмыс механизмі серіктестер үшін де қарастырылады.