Ерекше стиль, атақты фильмге қоймай түсу, үш рет үйлену: Трамп өмірін суреттер сөйлетеді

Ғалиасқар Думан

ВВС күні кеше сайлауда жеңіске жетіп, АҚШ-тың 47-президенті ретінде екінші мерзімге бара жатқан 78 жастағы Дональт Трамптың өмірін суреттермен сипаттады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia.kz

Дональд Трамп 1946 жылы 14 маусымда Нью-Йорк қаласының Куинс ауданында дүниеге келген.

Дональд Трамп 3 жаста

Дональд отбасындағы бес баланың төртіншісі. Оның екі бауыры – кіші Фред пен Роберт және екі әпкесі – Мэриэнн мен Элизабет бар еді. Қазір Элизабет қана тірі.

Дональдтың әкесі Фред Нью-Йорк маңындағы сәтті құрылыс компаниясын басқарған. 1968 жылы Дональд әкесінің компаниясында жұмыс істей бастап, кейіннен өзінің фирмасын ашып, Манхэттеннің орталығындағы жылжымайтын мүлікпен айналысқан.

Дональд әкесімен бірге Нью-Йоркте

Дональд Трамп Нью-Йорктегі өзінің кеңсесі Трамп-Плазада, 1987 жыл

Дональд Трамп Атлантик-Сити ашылған «Тадж-Махал» казиносының ішінде

Одан кейін ол Атлантик-Сити, Чикаго және Лас-Вегастан бастап Үндістан, Түркия мен Филиппинге дейін казино, кондоминиумдар, гольф алаңдары және қонақүйлер аша бастады.

Дональд Трамптың ерекше стилі оған Нью-Йорк іскерлік әлемінде көзге түсіп, The Apprentice («Шәкірт») телешоуының арқасында ойын-сауық жұлдызына айналуға көмектесті.

Трамп өзінің тікұшағының ішінде

Дональд Трамп ұлы кіші Дональд Трамп және қызы Иванкамен

Дональд Трамп үш рет үйленген, оның бес баласы бар. Алғашқы жұбайы фотомодель және кәсіпкер Ивана Зелничковаға 1977 жылы үйленді.

Трамп және Ивана Трамп

Дональд пен Марланың тойы, 20 желтоқсан 1993 жыл

Екінші әйелі актриса Марла Мейплзбен 1993 жылы үйленген.

Дональд және Мелания Трамп, Лос-Анджелес, 2005 жыл

Трамп өзінің үшінші жұбайы Мелания Кнауссқа 2005 жылы үйленген. Олар 1998 жылы танысқан, сол кезде Дональд 52 жаста, ал Мелания 28 жаста болған.

Трамп рождество мен жаңа жылдың символдарының біріне айналған атақты “Үйде жалғыз қалғанда” фильмінің екінші бөлімінде эпизодқа түскен. Ол өзі фильмге режиссердің қояр да қоймай жалынғанынан кейін түстім десе, режиссер Крис Коламбус керісінше Трамп кинолентаға түсірмесең “Плаза” қонақ үйінде түсірлім жасауға рұхсат бермеймін деп ультиматум қойғанын айтады.

Трамптың саяси мансабы 2015 жылы басталды. Ол президенттік сайлауға қатысатынын өзінің отбасының қасында тұрып, Трамп-тауэрде өткен баспасөз конференциясында жариялады.

Трамп президенттікке түсетінін мәлімдеген сәт

2016 жылғы сайлау науқаны

Хиллари Клинтон мен Дональд Трамп

Даулы сайлауалды науқаннан кейін Трамп Демократиялық партия кандидаты Хиллари Клинтонды жеңіп, Америка Құрама Штаттарының 45-президенті ретінде ант берді.

АҚШ-тың одақтастары Трамп президенттігінің төрт қиын жылын бастан кешті. Ол шетелдік көшбасшылармен жиі ашық қақтығыстарға түсіп, негізгі климаттық және сауда келісімдерінен шығып, Қытаймен сауда соғысын бастады.

Ангела Меркель, Дональд Трамп және өзге әлем лидерлері 2018 жылғы Үлкен жетілік саммитінде

Президенттігінің соңғы жылында Трамп пандемия жағдайындағы әрекеттері үшін сынға ұшырады. Ол қайта сайлау науқаны кезінде COVID-19 вирусын жұқтырып, үзіліс жасауға мәжбүр болды.

2020 жылғы президенттік сайлауда Трамп Джо Байденнен жеңілді, бірақ сайлау нәтижесін мойындамай, сайлау нәтижелері бұрмаланғанын мәлімдеді. 6 қаңтарда ол жақтастарын Вашингтонда жиналуға шақырып, оларды Конгресске қарай шеру өткізуге үгіттеді. Шеру тәртіпсіздікке ұласып, сол күнгі Трамптың әрекеттері қылмыстық тергеудің негізіне айналды.

Осыдан кейін оның саяси мансабы аяқталғандай көрінгенімен, Трамп қайтадан президенттікке үміткер болатынын жариялап, Республикалық партияның басты үміткеріне айналды.

Трамп бірнеше қылмыстық істер бойынша айыпталушы немесе күдікті бола тұра, сайлауалды науқанын бастады.

2024 жылдың мамыр айында Трамп 2016 жылғы сайлаудың алдында порноактриса Сторми Дэниэлске үндемеу үшін ақша төлеуге байланысты есепті бұрмалады деп 34 бап бойынша кінәлі деп танылды.

Жазғы сайлауалды науқан кезінде Пенсильваниядағы митингте Трампқа қастандық жасалды, бірақ оқ оның құлағын жанай өтті.

Бірнеше күннен кейін Милуокиде өткен Республикалық партия съезінде Трамп ресми түрде президенттікке үміткер болып бекітілді.

Дональд Трамп 2024 жылғы АҚШ президенттік сайлауында жеңіске жетіп, жаңа төрт жылдық мерзімнің соңында ел тарихындағы ең егде президент атанбақ. Сол кезде ол 82 жарым жаста болады. Ал Джо Байденнің жасы қарашада 82-ге толады.