«Көміп тастаған»: Алматы облысында ломбард қызметкерін өлтірген төрт күдікті ұсталды

Қалижан Бектемір

Алматы облысында ломбард қызметкерін азаптап өлтірді деген төрт күдікті ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: видеодан скрин

КҮШТЕП ҰРЛАП КЕТКЕН

КТК телеарнасының мәліметінше, полицейлер күдіктілер марқұмды алдымен буындырып, кейін қылмыстарын жасыру үшін мәйітті көміп тастағанын айтқан.

Оқиға Алматы іргесіндегі Көлащы ауылында болған. 51 жастағы азаматқа жақындары бір апта бойы іздеу салған. Үйінен кешкі уақытта шығып, содан ұшты-күйлі жоғалған ер адам қаладағы ломбардтардың бірінде бағалаушы қызметін атқарыпты. Жақындарының айтуынша, жолда оған бірнеше апта бұрын құнды затын өткізген азамат кездесіп, жеткізіп тастауға ұсыныс білдірген. Марқұм көлікке отырмай жатып әлдекімдер оны соққыға жығып, күштеп алып кеткен көрінеді.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Оның денесі ауыл шетіндегі егістік алқабынан табылған.

Полиция ер адамды өлтірді деген күдікпен төрт адамның ұсталғанын мәлімдеді. 

Кісі өлтіру фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында 9 қарашада криминалдық полиция қызметкерлері төрт күдіктіні ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамауға алды. Қазіргі уақытта қылмыстың барлық жағдайы мен себептерін объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, – деді Алматы облыстық ПД КПБ бастығы міндетін атқарушы Нұржан Кеңесханұлы.

Бұған дейін Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласында екі әйелдің өліміне қатысы бар 28 жастағы күдікті ұсталған болатын.