Қалыңмал мәһр болып есептеле ме, ҚМДБ пәтуа шығарды

Ғалиасқар Думан

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылмандық некенің шарты болып саналын мәһр мәселесіге байланысты шешім шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Коллаж Ulysmedia.kz

ҒАЛЫМДАР КӨЗҚАРАСЫ

ҚМДБ қазақ дәстүріндегі қалыңмалды ислам шариғатындағы мәһір деп есептеуге қатысты ғалымдардың бірнеше көзқарасы бар екенін айтады.

“1. Кейбір Хорезмдық және одан да басқа ғалымдар қыздың артынан келетін қалыңмалды тездетіп берілетін мәһір деп санаған.

Имам әл-Касани: “Неке қию барысында қыз разылығын ашық айтуға ұялғанындай, мәһірін сұрауға да қысылады. Қыздың үндемеуі оның разылығын білдіргеніндей, мәһірін әкесі алып жатқанда да үндемеуі разы екендігін білдіреді. Әдетте әкесі мәһірді алғаннан кейін үстіне қаражат қосып, қыздың артынан жиһазын алып барады”, – деген.

2. Кейбір ғалымдар қалыңмалды ұзатылып жатқан қызға белгілі бір нәрсенің (жиһаз т.б.) есесіне берілетін сыйлық деген.

Ибн Абидин: “Неке қиярда “дустиманды” мәһір деп айтса, онда ол тездетіліп берілген мәһір есебінде болады әрі күйеуі жасауын алып келуді талап ете алмайды. Ал неке қиярда мәһір деп айтылмаса, ол қарымта қайтару шартымен берілген сыйлық болып саналады. Мұндай жағдайда әдет-ғұрыпқа сай қыз тарапынан жасау талап ете алады”, – деген” деп келтіредідіни басқарма.

“ҚАЛЫҢМАЛ, ӘКЕ ЕҢБЕГІ, АНА СҮТІ”

Мүфтият қазақ дәстүрінде қалыңмал қалыңдық үшін берілетін мал-дүние екенін, егер екі жас ажырасқан жағдайда қалыңдық малы қыздың иелігінде қалатынын атап өтіп, осы тұрғыдан қалыңмалды мәһір деп санауға болатынын жариялады.

“Ал “әке еңбегі”, “ана сүті” т.с.с. қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік мәһірге саналмайды. Сондай-ақ, қыздың жасауын әкесі өз мүлкінен алып берсе, бұл мәһір болып есептелмейді.

ШЕШІМ:

  1. Күйеуі тарапынан берілетін қалыңмалды қыздың разылығымен мәһірге жатқызуға және артынан алып баратын жасауына пайдалануға болады.
  2. “Әке еңбегі”, “ана сүті”секілді қыздың әке-шешесіне, туыстарына берілетін мал-мүлік (кәдесый, т.б.) мәһірге жатпайды” деді ғұламалар кеңесі.

ҚМДБ мұсылмандық шарт бойынша қалыңмал берілмейтін өлкелерде неке қию барысында мәһірді белгілеуі тиістігін, мәһір белгіленбеген жағдайда некесі дұрыс болатынын, бірақ күйеуі мәһір-мисл (көпшілікке беріліп жатқан мәһір мөлшері) беретінін атап өтті.