Халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Нетаньяхуға тұтқындау ордерін шығарды

Ғалиасқар Думан

Халықаралық қылмыстық сот Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галлантқа Газа секторында әскери қылмыстар жасағаны үшін айып тағып, тұтқындау ордерін шығарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Reuters

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тұтқындау ордері аштықты соғыс әдісі ретінде қолдану және адамзатқа қарсы қылмыстар – бейбіт тұрғындарды өлтіру мен қудалау айыптары бойынша шығарылды. Нетаньяху мен Галлант 2023 жылдың қазанынан бастап жасалған қылмыстарға қатысы бар деп күдікке ілінді.

Соттың мәлімдеуінше, Газадағы бейбіт тұрғындарды өмір сүру үшін қажетті заттардан – азық-түлік, су, дәрі-дәрмек, медициналық құралдар, сондай-ақ отын мен электр қуатынан қасақана және әдейі айыруға қатысты негізді дәлелдер бар. Бұл әрекеттер 2023 жылдың 8 қазанынан 2024 жылдың 20 мамырына дейінгі аралықта жасалған.

Сот Израиль осы іске байланысты ХҚС юрисдикциясын даулай алмайтынын жеткізіп, тергеуді тоқтату туралы өтінішті қабылдамады.

НЕТАНЬЯХУҒА ЕСКЕРТУ

Қазан айының ортасында Франция президенті Эммануэль Макрон Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуға жолдаған мәлімдемесінде Біріккен Ұлттар Ұйымының шешімдерін сақтау маңыздылығын атап өткен.

Макрон 1947 жылдың қараша айындағы БҰҰ резолюциясына сәйкес Израильдің Палестина аумағында еврей және араб мемлекеттеріне бөлінгенін еске салған..

«Нетаньяху мырза оның елі БҰҰ шешімі негізінде құрылғанын ұмытпауы тиіс, сондықтан ол бұл ұйымның шешімдерін елеуі керек», – деген Макрон.