Қызылорда облысы, Сырдария ауданының А.Тоқмағанбетов, С.Сейфуллин ауылдары газ желісіне қосылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Ауылдарды көгілдір отын желісіне қосуға арналған салтанатты іс-шараға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.
ӘКІМ ҚҰТТЫҚТАУЫ
Облыс әкімі ауыл тұрғындарын көптен күткен игіліктің іске асуымен құттықтады.
«Бүгін Сырдария ауданының ынтымағы мен бірлігі жарасқан Сәкен Сейфуллин, Асқар Тоқмағанбетов атындағы ауылдары «көгілдір отынға» қосылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Аса маңызды мәселелердің бірі – ауылды кешенді түрде жетілдіру. Ауылдарға нақты қолдау көрсетіп, заманауи инфрақұрылымды дамытуымыз керек» деп атап өтті. Бүгінде өңір тұрғындарын газбен қамту көрсеткіші – 75 пайыз, биыл 30 млрд. теңгеден астам қаржыға 306 шақырым газ желілері тартылып жатыр», деді Н.Нәлібаев.
Ол осы жобалардың арқасында аймақ халқының 78 пайызы «көгілдір отынмен» қамтылғанын жеткізді. Келесі жылы 10-нан астам елді мекенді газдандыру жоспарланған.
«Осындай игілікті істер ауыл тіршілігінің тамырына қан жүгіртіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға жол ашады. Өткен жылы Сырдария ауданының бюджеті 12 млрд. теңге болса, қазіргі таңда 16 млрд. 108 млн. теңгеге жетті, 33 пайызға өсім бар. Бұл қаржы аудан халқының өзекті мәселелерін шешуге бағытталып отыр. Бүгін ауыл халқы от жағып, күл шығару бейнетінен арылып, шынайы қуанышқа бөленіп жүр. «Көгілдір отыннан» тараған жылу барлық үйді бақыт пен шаттыққа кенелтсін», деді Н.Нәлібаев.
МАРАПАТ
Іс-шараларда Сұлтанбек Тәуіпбаев пен Әбдіғаппар Әмірғалиев сынды ақсақалдар құттықтау лебіздерін жеткізіп, батасын берді.
Ал ауылдың өсіп-өркендеуі жолында қажырлы қызмет еткен сала мамандары мен ардагерлерге облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ
Газ қосу рәсімінен кейін аймақ басшысы екі ауылдың тұрғындармен кездесіп, атқарылған жұмыстар, алдағы бағыт-бағдар туралы айтты. Әсіресе, қолға алынған инфрақұрылымдық жобаларға, әр саладағы жаңашылдықтарға тоқталды, кездесуге келушілердің ой-пікірлерін тыңдады.