69 жастағы Түркия тұрғыны Кадрие Ишыклы қазақ тілін үйрену және түркі халықтарының мәдениетімен танысу үшін Түркістан қаласына келіп, Ахмет Ясауи атындағы университеттің дайындық орталығына оқуға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Түркиядан келген Кадрие Ишыклы үш баланың анасы. Ол Қазақстанға арнайы қазақ тілін үйреніп, түркі халықтарының мәдениетімен жақынырақ танысу үшін келген. Ахмет Ясауи университетінің Дайындық орталығында екі семестр бойы қазақ, түрік, орыс және ағылшын тілдерін оқып жатқан Кадрие небәрі бір жарым айда қазақ тілін түсіну деңгейіне жетті.
«Маған түркі халықтарының мәдениетін үйрену ұнайды. Қазір қазақ тіліне көңіл бөліп жатырмын, бірақ болашақта басқа бауырлас елдерге де баруды жоспарлап отырмын. Бұл мені тек жаңа нәрселермен таныстырып қана қоймай, халқымыздың мәдени мұрасымен байланысымды сезінуге мүмкіндік береді», – дейді Кадрие.
Кадрие Ишыклының түркі елдеріне деген қызығушылығы бұрыннан бар. Ол Түркияда «Туризм» мамандығы бойынша білім алған және әлемнің 20-дан астам елін аралаған. Ендігі мақсаты – Орталық Азияны зерттеу. Кадрие Ахмет Ясауи университетінде «Туризм» мамандығы бойынша білімін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Дайындық орталығындағы оқытушылар Кадрие Ишыклының білімге деген жоғары қызығушылығын, ашықтығын және қазақ тілін меңгеруге деген ынтасын атап өтті. Ол студенттік ортаға тез бейімделіп, түркі елдерінен келген басқа студенттермен жақсы қарым-қатынас орнатты.
Биылғы оқу жылында Дайындық орталығында 200-ден астам грант иегері білім алуда. Ахмет Ясауи университеті – 17 елден келген 10 мыңға жуық студентті біріктіретін ерекше білім ордасы. Университет түркі халықтарының жастарын біріктіріп, мәдени-рухани және білім беру байланыстарын нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді.