Нұрқанат Ғайыпбаев 30 жаста болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АДВОКАТТЫҢ МӘЛІМЕТІ
Шерзат Болат тарапының адвокаты Саида Тәуекелова марқұмның ағасы Нұрқанат Ғайыпбаев көз жұмғанын растады. Телеграм-арналарда “Шерзат Болаттың ағасы төбелес кезінде қаруды бірінші алып шыққан, сол үшін өзін айыпты сезініп, өзіне қол салған” деген ақпарат тараған. Адвокат Тәуекелова бұл нұсқаны терістеді.
ҚАЗА ЖАЙЛЫ
Бұған дейін Шерзат Болаттың ағасы қаза болғанын полиция растаған еді.
– Талғар қаласының маңынан 30 жастағы ер адамның денесі табылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылып, өз-өзіне қол салған. Марқұм биыл 4 қазанда қаза тапқан кәмелетке толмаған Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық жағдайларды анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. Осы уақытта қылмыстық сипаттағы қандай да бір белгілер анықталмады, - делінген полиция хабарламасында.
Полиция марқұм Ш. Болаттың отбасы барлық уақытта полицейлердің қорғауында болғанын атап өтеді.
– Осы уақытқа дейін марқұмның отбасына төнген қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің түсіндірмелеріне сәйкес, ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да шығып кетіп, жеке автокөлікпен кеткені анықталды. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды, - делінген хабарламада.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Қайғы үстіне қайғыға душар болған Нұрымов әулетінің билікке қояр екі-ақ талабы бар.