АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен қазақстандық құқық қорғаушы, Әділдік жолы Республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұловқа марапат табысталы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙЫ
Вашингтонда International Anti-Corruption Champions Awards сыйлығын табыстау бойынша салтанатты рәсім өтті. Бұл марапат сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте айрықша жетістіктер көрсеткен тұлғаларға беріледі.
10 номинанттың қатарында әртүрлі елдердің мемлекеттік қайраткерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және журналистер болды.
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге бағытталған тұрақты жүйелік реформаларды табысты енгізгені және жемқорларды жауапқа тарту бойынша жұмыс атқарғаны үшін "Әділдік жолы" сыбайлас жемқорлыққа қарсы үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Дидар Смағұлов марапатталды.
Дидар Смағұловқа “Жемқорлыққа қарсы күрестің үздігі” сыйлығы берілген.
“АҚШ Мемлекеттік департаментінің Халықаралық есірткіге қарсы күрес және заңдылықты сақтау бюросы (INL) Дидар Смағұловты сыбайлас жемқорларды жауапкершілікке тарту және ұзақ мерзімді жүйелі реформаларды жүзеге асыру бойынша Жемқорлыққа қарсы күрестің үздігі деп таныған” делінген хабарламада.
БЛИНКЕН СӨЗІ
Құттықтау сөзінде Энтони Блинкен "Әділдік жолы" командасының 2020 жылдан бері 8700-ден астам өтінішті қарастырғанын және шенеуніктерді жауапқа тартуға септігін тигізген есептер жариялағанын атап өтті.
АҚШ мемлекеттік хатшысының айтуынша, 2021 жылы Байден-Харрис әкімшілігі тарихта алғаш рет қабылданған АҚШ-тың сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының негізгі бағыттарының бірі ретінде жаһандық серіктестіктерді нығайтуды белгіледі.
Марапаттау рәсіміне көшкен Блинкен АҚШ үшін бұл күресте сыбайлас жемқорлыққа қарсы чемпиондармен серіктес болу үлкен мәртебе екенін атап өтті.
ӘДІЛДІК ЖОЛЫ
"Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Дидар Смағұлов түрлі саладағы жемқорлық әрекеттер мен схемаларды әшкерелеумен айналысады. Ол анықтаған көптеген іс қоғамдық резонансқа айналып, құзырлы органдар тарапынан тексеру жүргізуге мұрындық болған.
2021–2024 жылдар аралығында қоғамдық ұйымның өтініштерін қарау нәтижесінде:
Мемлекеттік сатып алу порталына жүргізілген мониторинг нәтижесінде 53,7 млрд теңгеден астам тиімсіз шығындардың алдын алынды (жоспарларды жою, қосымша келісімдер жасау және т.б.).
Бюджетке заңсыз төленген 330 млн теңге ҚҚС және нақты орындалмаған жұмыстар үшін 10 млрд теңге қайтарылды.