Мәжілістегі заңгер депутаттар Абзал Құспан мен Үнзила Шапақ марқұм Шерзат Полаттың ісіне байланысты Алматы облысына барды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Абзал Құспан желідегі парақшасында мәлім етті.
Депутат соңғы күндері Талғардағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты тексерілмеген, эмоцияға толы жазбалар мен бейнеүндеулер көбейіп кеткеннін атап өтті. Осыған байланысты әріптесі, депутат, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақпен бірге оқиғаның мән-жайымен жете танысу үшін арнайы Алматы облысына барғанын айтады.
“Істің барысын зерделеу мақсатында Алматы облысы прокуроры Берік Абызбайұлымен, Облыстың Полиция департаментінің басшысы Мейрам Жұмкенұлымен жолықтық.
Мен, заңгер ретінде, бұл ауыр жағдайларды құқықтық тұрғыда қарастырудың маңыздылығын атап өткім келеді. Мұндай істерде қоғам тарапынан жасалған қысым тергеу амалдарының объективті әрі жан-жақты жүргізілуіне кері әсерін тигізуі мүмкін.
Прокуратураның ресми ақпаратына сәйкес, қасақана кісі өлтіру күдігімен 11 адам адам ұсталғаны белгілі. Қазіргі таңда тиісті тергеу амалдары жүргізілуде.
Осы іс бойынша 170 астам куәгерлерден жауап алынып, 40 жуық сараптама тағайындалып, жан-жақты тергеліп жатыр.
Сонымен қатар, Шерзат Полаттың ағасы Н. Ғайыпбаевтың өлімі де Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің бақылауында екенін атап өткен жөн. Ол бойынша сот-медициналық сараптамалар жүргізілуде.
Қылмыстық істің қоғамдық маңыздылығына байланысты, мен тергеу барысымен танысып, заңгер ретінде мән-жайды нақты анықтау үшін жұмыс істеп жатырмын. Бұл істің әділ әрі ашық қаралуына ықпал ету – басты мақсатымыз” дейді депутат.
Мәжілісмен облыстық прокуратура бұл істің құқықтық және әділдік принциптеріне сай қаралатынын мәлімдеп, уәде бергенін жеткізді.
“Алдағы уақытта тергеу барысы мен ресми ақпараттар туралы қоғаммен үнемі бөлісіп отыратын боламын. Қазіргі таңда кез келген расталмаған ақпараттан аулақ болуға және ресми дереккөздерге сүйенуге шақырамын” деді ол.
Бұған дейін адвокат Асқар Қаймақов полиция Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық кодекстің 202-бабы (“бөтеннің мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру) бойынша қылмыстық іс қозғағанын мәлім еткен. Ақпаратты кейін полиция растады.
ҚАРЖАУБАЙДЫҢ ҰСТАЛУЫ
Талғарда 10 желтоқсан күні полиция Қаржаубай Нұрымовты ұстаған еді. Бауыры Нұрқанат Ғайыпбаевті қара жерге тапсырғаннан кейін Қаржаубай Нұрымов пен оның туған-туыстары құқық қорғау органдары қызметкерлерінен тағы да әділ тергеуді талап еткен еді. Видео әлеуеттік желілерде пайда болған. Нұрқанат пен Шерзаттың туған-туыстары жолға шығып, болған жайтты баян еткен. Наразылықтарын жеткізген.
Кейін Шерзаттың әкесі мен әпкесі 15 күнге қамалғаны белгілі болды.
Белсенді әрі Қаржаубай Нұрымов ұсталған кезде оқиға орнында болған куәгер Дінмұхамет Қаматай Нұрымовты ұстар алдында ол "полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады" деген ақпаратты жоққа шығарған.
НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ
Ресми мәліметке сәйкес, Нұрқанат Ғайыпбаев өз-өзіне қол салған. Полиция ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да жеке автокөлікпен шығып кеткенін хабарлады.
ТАЛҒАРДАҒЫ ҚАНДЫ ОҚИҒА
4 қазан күні Алматы облысында жас жігіттер жабылып, 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болатты өлтіргені дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. Бұзақылар ешкімді аямапты. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырды.