Белгілі журналист, баспагер Шыңғыс Мұқан Ақтау маңындағы ұшақ апатына байланысты Facebook-тегі парақшасында пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Әуе апаттары кездейсоқ болмайтынын айтқан Шыңғыс Мұқан осыдан біраз уақыт бұрын өз басынан өткен жағдайға тоқталды.
“Естеріңізде болса, қайбір жылы Бакуден ұшып шыққан бір ұшақ құлады. Жамбылдан екі жас болды: ия қыз бен жігіт, ия ерлі-зайыптылар. Кейін оларға ескерткіш қойды. Зерттей келе, ұшаққа шамадан тыс жүк артылған екен”, дейді Ш.Мұқан.
Сол трагедиядан соң ол Тблисиден Бакуге көлікпен, Бакуден Атырауға (сол кезде сондай рейс болды) ұшқан екен.
“Грузия мен Әзірбайжанның шекарасындағы жемқорлық сұмдық екен. Түнімен тұрдық. Ең соңында күзетшіге дейін пара беріп, шекарадан әрең өттік. Жолдағы полиция да қасқыр екен. Жолдың бәріне тұзақ құрып тастаған. Ұстап алады да ақша сұрайды”, деген ол әуежайға әрең жеткен екен.
Билет алып үлгермегендіктен амал жоқ әуежай маңындағы алыпсатарлардан екі есе қымбат бағаға билет сатып алған.
“Ұшақ жарты сағаттан соң ұшады. Әуежайға кірберісте “Мимино” фильміндегі бас кейіпкер сияқты көрінген еңселі кісі: “Дорогой, куда летишь?” деп қарсы алды. “В Атырау” деп едім, билет бағасынан екі есе көп ақша айтты. Берсем, ұшаққа салып жіберем деп уәде етті. Бердім. Жарты сағаттың ішінде билет те, отырғызатын талон да алдық, тексеріс пен кеденнен де өттік. Ұшаққа кіріп келсем, басқа жолаушылар көздері мөлейіп мені күтіп отыр”, деген Шыңғыс Мұқан ондағы жемқорлықтың жайын баяндады.
Сонау 2010 жылы болған осы оқиғаны еске алған ол одан кейін жағдай өзгерген шығар деген үмітін жасырмады.
“Өзгермесе, авиация саласы бармақ басты, көз қыстыны кешірмейді. Скотчпен желімдеп ұшып жүре беретін Bek Air не болды соңында? 5 жыл бұрын дәл осындай кезде Алматының түбінде құлады. Scat құлады осыдан 11 жыл бұрын. Ұшқыштар демалыс көрмей, қырағылығын жоғалтыпты. Айтпақшы, ол да қыста құлады.
Сондықтан, әуе апаты кездейсоқ болмайды”, деп ойын түйіндеген журналист.
Ол жазбадағы ойын түсіну үшін оқырманға “Швейцария ірімшігі теориясы” (Swiss cheese model – Эффект швейцарского сыра) дегенді оқып көруді ұсынды.
АПАТ ЖАЙЛЫ
Бүгін Ақтауда Бакуден Грозный қаласына бағыт алған Әзербайжанның ұшағы апатқа ұшыраған еді. Ұшақ құстармен соқтығысқан деген нұсқа бар. Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасы ұшақ бортында баллон жарылғанын хабарлады.
ТЖМ министрлігінің дерегінше, бортта 69 адам болған, оның 5-еуі экипаж мүшесі. Оның ішінде Әзірбайжаннан 42 адам, Қазақстаннан адам, Қырғызстан 3 адам, Реейден 16 адам болған.
Апаттан амал қалған 29 адам, оның ішінде 2 бала ауруханаға жатқызылған. Олардың арасында қазақстандықтар жоқ екені хабарланды.