Ақтаудағы ұшақ апатын тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Оған кімдер қосылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оқиға орнына оқиғалар мен апаттарды тергеу департаментінің қызметкерлері барып, тексерудің далалық кезеңін жүргізуде.
Қазақстанға Әзербайжанның Азаматтық авиация мемлекеттік агенттігінің делегациясы мен Azerbaijan Airlines (AZAL) авиакомпаниясының өкілдері келді. Тергеу Әзербайжанның авиация билігімен тығыз ынтымақтастықта жүргізіліп жатқаны хабарланды.
Сонымен қатар, Қазақстанға ұшақтың өндірушісі Embraer компаниясының өкілдері және Бразилиядағы авиациялық оқиғаларды тергеу орталығы CENIPA-ның сарапшылары да келген.
Ақтаудағы оқиға орнында Қазақстанның премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев басқаратын Үкіметтік комиссия да жұмыс істеуде. Комиссия құрамына көлік министрі Марат Қарабаев, вице-министр Талғат Ластаев, Инциденттерді тергеу департаментінің директоры Нұржан Малаев, Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева және «Қазаэронавигация» бас директоры Нұржан Ахметов кіреді.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.
29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды.