Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалған Қырғыз Республикасының азаматы болған оқиғаны айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҚЫРҒЫЗ АЗАМАТЫ НЕ ДЕЙДІ
Журналистерге берген сұхбатында Қырғыз азаматы болған оқиғаны былай сипаттап берді.
– Ұшып келе жатқанда Каспий теңізінің жиегі көрінді. Пилоттар әуежайға жақындауға әрекет қылды. Біраз жетпей қалдық. Қатты соққы болды. Қандай сәтте құтқарушылар келіп қалғанын білмедік, өйткені есімнен танып қалыппын. Белдікті шешіп, суырып алып шықты. Ұшақ аударылып жатыр екен. Қарасам, жарандар тұр. “Кімсіңдер?” деп сұрасақ, “Қазақстан, қазақпыз” деді. Жылап жібердік, – дейді қырғыз азаматы.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты. Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.
29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
EURONEWS: ҰШАҚТЫ РЕСЕЙ ЗЫМЫРАНЫ АТЫП ТҮСІРГЕН
Euronews бұған дейін Ақтау маңында апатқа ұшыраған ұшақ ресейлік зымыраннан атылғанын мәлімдеген еді. Басылым Әзербайжан үкіметіндегі дереккөздерге сүйеніп, апат Грозный үстінде ресейлік зымыраннан атқаннан болған деп жазады сенімді түрде. Осындай нұсқаны әлемдік БАҚ-тар да жарыса жазған.
Ресей президенті өз бастамасымен Әлиевке қоңырау шалып, Әзербайжан басшысынан кешірім сұраған.