«Жошының атын Хусаин, Кетбұқаны Али деп өзгерткен»: министрлік реакциясы

Сымбат Сатыбалдина

Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері желіде дау тудырған бесінші сыныпқа арналған орыс тілі мен әдебиеті кітабындағы шығармаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ulysmedia коллажы

Айта кетейік, әлеуметтік желіде «Атамұра» баспасының 5-сыныпқа арналған «Орыс тілі мен әдебиеті» пәні бойынша оқулығының мазмұны сынға алынған болатын. 

Министрлік өкілдері, бұл оқулық орта білім берудің 5-9 сыныптарына арналған «Орыс тілі мен әдебиеті» пәні бойынша үлгілік оқу бағдарламасының талаптарына сәйкес әзірленгенін айтады.

- Бұл бағдарлама орыс тілі оқытылмайтын мектептер үшін жасалған және онда міндетті түрде оқылатын шығармалардың тізімі бекітілген. Осы тізімге «Әли шебер» (Мастер Али) атты қазақ халық ертегісі де кіреді. Сондықтан бұл шығарма аталған оқулыққа енгізілген. «Әли шебер» – қазақ халық ертегісі, ауыз әдебиетінің жанрына жататын шығарма. Ертегінің сюжеті ойдан шығарылған кейіпкерлер мен оқиғаларға негізделген. Бұл ертегіде Жошы хан мен Кетбұқа сияқты нақты тарихи тұлғалар кездеспейді. Жарияланған сын мақалалардың авторлары «Әли шебер» ертегісі мен нақты тарихи оқиғалар мен тұлғалар туралы баяндайтын «Ақсақ құлан» аңызын шатастырған. Айта кету керек, 5-сыныптың оқу бағдарламасында аңыздарды фольклордың жеке жанры ретінде оқыту қарастырылмаған, дейді министрлік өкілдері Ulysmedia.kz тілшісіне берген жауабында.

Ведомство өкілдері “Әли шебер” мен “Ақсақ құланның” сюжеті бірдей болғанымен екеуі екі бөлек шығарма дейді. 

- «Әли шебер» ертегісі «Алтын құмыра» (1952 ж.) және «Ән-керемет» (1987 ж.) сияқты антологияларда жарияланған. «Әли шебер» ертегісі мен «Ақсақ құлан» аңызының сюжеті болғанымен, бұл екеуі бөлек шығармалар. Бұл ауыз әдебиетінде жиі кездесетін жағдай, өйткені бір сюжет әртүрлі аймақ, айтушы немесе тарихи контекстке байланысты әртүрлі нұсқада тарауы мүмкін. Әр нұсқа сюжетке жаңа мағыналар мен реңктер қосып, оны байыта түседі, делінген министрлік жауабында.

ЖЕЛІДЕГІ ДАУ НЕДЕН БАСТАЛДЫ

Бұған дейін бесінші сыныпқа арналған орыс тілі мен әдебиеті кітабындағы шығарма желіде дау тудырған болатын. Кітаптағы түсініксіз жайт туралы Facebook қолданушысы жазды. 

 – Орыс тілі мен әдебиеті оқулығы. 5 сынып. Авторы Жанпеисова У.А. 2-бөлім, 16-бет. Қазақ халық ертегісін оқиық! Бізде Жошы емес Хусаин деген хан болыпты, оған баласының қазасын жеткізген Кетбұға емес, Али деген күйші болыпты-мыс. Қалай бұл?, деді ол.