Қорытынды шығаруға ерте - ҚҚС туралы жаңа норма депутаттардың қолына әлі түспеген

Сымбат Сатыбалдина

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қосымша құн салығын көтеру мәселесін бизнесмендермен мұқият талқылау қажет екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, егер кәсіпкерлер бұл бастаманы түбегейлі қолдамаса, депутаттар шешім қабылдау кезінде олардың пікірін ескеруі керек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

ШЕШІМДІ КІМ ҚАБЫЛДАЙДЫ

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек салық реформасы бойынша түпкілікті шешімді үкімет емес, парламент қабылдайтынын айтты. Қазіргі уақытта жаңа салық кодексі талқыланып жатыр. Оның аясында ҚҚС шегін 75 миллион теңгеден 15 миллион теңгеге дейін төмендету, сондай-ақ салық мөлшерлемесін 20%-ға дейін көтеру жоспарланып отыр. 

- Кез келген салықты өсіру – басқа амал қалмаған кезде қолданылатын шара. Ол елдің инвестициялық жағдайын өзгертуі мүмкін. Өйткені инвесторлар әрқашан салық жүйесіне, салық салу тәртібіне және салық режимінің қатаңдығына мән береді, – деп түсіндірді депутат.

ҚОРЫТЫНДЫ ЖАСАУҒА ЕРТЕ

Базарбек үкімет тарапынан ресми өзгерістер жобасы әлі ұсынылмағанын айтып, қазір қандай да бір қорытынды жасауға ерте екенін атап өтті. Әзірге тек вице-премьер жариялаған ҚҚС мөлшерлемесін көтеру идеясы бар, бірақ нақты норманың мазмұны депутаттардың қолына әлі түспеген.

- Егер бұл норма бізге қарастыруға келсе, менің ұстанымым мынандай: оны бизнес-қоғамдастықпен, кәсіпкерлермен және қоғаммен талқылау қажет. Егер бизнес бұл норманың мүлдем қолайсыз екенін және оны бұрынғы редакцияда сақтау қажеттігін ашық мәлімдесе, біз оны ескеруіміз керек. Бұл мәселеде бизнес-қоғамдастықтың, кәсіпкерлердің және азаматтық қоғамның пікірі басымдыққа ие болуы тиіс. Менің ойым осы, – деді мәжілісмен.

АҚПАНДА БЕЛГІЛІ БОЛАДЫ

Айта кетейік, бұған дейін премьер-министрдің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин шамамен 15-20 ақпанда Қазақстанда ҚҚС қаншаға көтерілетіні белгілі болатынын айтқан еді. 

Жұманғариннің айтуынша, ҚҚС мөлшерлемесін көтермес бұрын, үкімет салық әкімшілендірудің қалай жүргізілетінін нақты түсінуі қажет, әсіресе, Салық комитетінің бақылау функциясын күшейту реформасының тереңдігі қандай болатынын анықтау керек.

БҰҒАН ДЕЙІН

Еске сала кетсек, Үкіметтің экономикалық блогы сарапшылар тобымен бірлесіп, бюджет-салық және тариф саясаты реформалары бойынша жаңа тәсілдер әзірлеп жатқанын хабарлағанбыз. 

Сондай-ақ бизнесвумен, Салық альянсының мүшесі Жанар Сүлейменова Қазақстан үкіметінің ҚҚС ставкасын 20 пайызға дейін көтеру туралы ұсынысына үн қатып, бастамаға қарсылық білдірді. 

Экономикалық даулар саласындағы адвокат, бұрынғы салық кеңесшісі Жангелді Сүлейманов те Үкіметтің Қазақстанда қосылған құн салығы (ҚҚС) ставкасын 20 пайызға дейін көтеру идеясымен келіспейтінін жеткізді.