Астық, ет және май: Қазақстан Иранға 60-тан астам тауар түрін экспорттауға дайын

Сырым Қаржас

Қазақстан Иранға отандық өндірілген 60-тан астам тауарды жеткізуді және тауар айналымын үш миллиард долларға жеткізуді ұсынып отыр. Бұл туралы Алматыда өткен келіссөздер барысында белгілі болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Иранның өнеркәсіп, кеніштер және сауда министрінің орынбасары, Сауданы дамыту ұйымының басшысы Мохаммад Али Дехган Дехнавидің кездесуінде екі ел арасындағы өзара тауар айналымын ұлғайту мәселесі талқыланды.

«Біз Иранмен тауар айналымын 3 миллиард долларға дейін арттыру мүмкіндігін көріп отырмыз. Иран нарығына жеткізу үшін 162 миллион доллар сомасына астық, күнбағыс майы, ет өнімдері және басқа да тауарларды қоса алғанда, 60-тан астам тауар позициясын ұсынуға дайынбыз», деп атап өтті министр Арман Шаққалиев. 

 Ол Қазақстан екі мемлекет басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды белсенді түрде жүзеге асырып жатқанын айтты. Иран Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі серіктестерінің бірі саналады.

2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 296 миллион АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,1%-ға артық. Қазақстаннан Иранға экспорт көлемі 29,1%-ға өсіп, 100,6 миллион АҚШ долларын құрады.