Маңғыстауда тағы да балалар жаппай уланып қалды

Сырым Қаржас

Жаңаөзен қаласы Қызылсай ауылында мектепке дейінгі мекеменің тәрбиеленушілері жаппай уланған, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz порталы Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

ашық дереккөзден

Облыстың денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі жағдайды түсіндірді.

Жаңаөзенде мектепке дейінгі мекеменің 100 баласы тамақтан уланғанын хабарлаған. Кейбірі ауруханаға жүгінген.

Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі ақпаратты жартылай растаған. Олардың деректері бойынша медициналық мекемеге бар болғаны 37 өтініш болған.

31.01.2025 ж. сағат 20:13-те Жаңаөзен қаласының Қызылсай ауылынан жедел жәрдем қызметіне іші ауырғанын айтып, шағымданған тұрғындар хабарласқан. Барлығын жедел жәрдем бригадасы тексерді.  Тексерілген 37 адамның төртеуі ауруханаға жатқызылды (1 ересек, 3 бала). Қалғандары үйге амбулаториялық емделуге жіберілді. Қазір балабақша жабылып, уәкілетті органдар мән-жайын тексеріп жатыр, - деп хабарлады басқарма.  

Еске сала кетейік, 7-13 қыркүйек аралығында Мұнайлы ауданының Бесшоқы тұрғын алабында орналасқан №8 жалпы білім беретін мектепте оқушылар уланған. 460 бала зардап шеккен. Кейінірек мектеп асханасының қызметкерлерінде стафилококк анықталды.