Алмас Кішкенбаев 15 тәулікке қамауға алынды

Сымбат Сатыбалдина

Әнші Алмас Кішкенбаев 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia.kz коллажы

ІС ЖАБЫҚ ҚАРАЛДЫ

Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жабық түрде Кішкенбаевқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады.

Сотта Алмас Кішкенбаевтың мас күйінде бола тұра, ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзатын жеке тұлғаларға зәбірлеп тиiскені анықталды. Сотта әнші оқиғаның мән-жайы есінде жоқ екенін айтқан.

ЖАЗА

434-баптың 1-бөлігінің санкциясы 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу немесе 5 күннен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу түріндегі жауапкершілікті қарастырады. Жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар анықталған жоқ Сонымен қатар, жауаптылықты ауырлататын мән-жай мас күйінде құқық бұзушылық жасау болып анықталды.

СОТ ШЕШІМІ

Жоғарыда айтылғандардың негізінде Алмас Кішкенбаевқа ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке қамауға алу жазасы тағайындалды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

ІС СОТҚА ТҮСТІ

Сот бұл істі 3 ақпанда өндірісіне қабылдады.

- Сот өндірісінде Кішкенбаев Алмас Бексейітұлына қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі (“Ұсақ бұзақылық”) бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралуда. 2024 жылғы 31 қаңтарда іс бойынша мән-жайларды қарастыру мүмкін болмады, себебі жәбірленуші, кәмелетке толмаған К.-ның заңды өкілі ауызша өтініш білдіріп, іс материалдарымен танысу үшін қарау күнін кейінге қалдыруды сұрады, – делінген сот кабинетіндегі ақпаратта.

Алмас Кішкенбаевқа ӘҚБтК-нің 434-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылуда. Бұл бап бойынша - “Қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға зәбірлеп тиiсу және айналасындағыларға құрметпен қарамауды бiлдiретiн, қоғамдық тәртiп пен жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер” үшін жауапкершілік қарастырылған.

БҰҒАН ДЕЙІН

31 қаңтарда әнші Алмас Кішкенбаев полицияға жеткізілді. Алматыда полицейлер 17 жастағы баланың арызына қатысты тергеу жүргізіп жатыр. 17 жастағы жасөспірімнің айтуынша, 40-қа таяған ер адам сыраға тапсырыс беріп, содан кейін бірге ішуді ұсынған. Әуелі бұл туралы ақпаратты журналист Михаил Козачков таратқан. Оның сөзінше, күдікті ер адам - белгілі әнші Алмас Кішкенбаев. Алматының полиция департаменті бұл ақпаратқа қатысты пікір білдіріп, әкесінің кәмелетке толмаған ұлына жабысқаны туралы бойынша тексеру жүргізілетінін, полицияға барлық мән-жайларды анықтау үшін К. есімді азамат жеткізілгенін хабарлады.