Орал түрмесіндегі азаптау: ресми орган не дейді

Ілияс Бақыт

Сотталғандардың арызы бойынша қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: "Мой город"

НЕ ЖАҒДАЙ?

Батыс Қазақстан облысы бойынша ҚАЖ департамент №28 мекемесінде сотталғандардың ұстау режиміне наразылық белгісі ретінде өздеріне жеңіл жарақаттар салғанын мәлімдеді. Оларға медициналық көмек көрсетілді, алайда ауруханаға жатқызуды қажет етпеді. "Мой город" басылымы осылай деп жазды.

ОЛАР КІМДЕР

Ресми орган таратқан мәліметке сенсек видеодағы сотталғандар белгіленген тәртіпті үнемі бұзатындар. Олар аса ауыр және ауыр қылмыстар жасағаны үшін жазасын өтеп жатыр. Олардың қатарында педофилия, зорлау, тонау және ұрлық қылмыстары үшін сотталғандар бар.

“ТАР КАМЕРАДА БЕС АДАМ ОТЫРМЫЗ”

Бұл жағдай туралы “Мой город” басылымы жазды. Жазасын өтеп жатқандардың айтуынша, екі адамға арналған камераларда бес адамнан отыр. Ғимарат ескірген, су ағып тұр, санитарлық жағдай төмен.

– Камера өте тар, су кетіп жатыр. Түрме әкімшілігі тұрақты түрде бізге қысым көрсетеді. Кез келген арыз-шағымымыз ескерусіз қалады. Мен өзіме қол жұмсауға мәжбүр болдым, бірақ бәрібір ешкім назар аудармайды. Мен онкологиялық науқаспын, бірақ медициналық көмек ала алмай жүрмін. Полиция да шара қолданбайды. Осы жағдайға бей-жай қарамауыңызды сұраймыз, дейді сотталушылардың бірі қолындағы жарақатын көрсетіп.

ҚЫСЫМ

Тағы бір сотталушы психологиялық және физикалық қысым көріп жатқанын айтты. Оның сөзінше, тұтқындарды үнемі ұрып-соғып, намысына тиетін көрінеді, жеке заттарын тартып алады, суицидке итермелейді.